Қазақстандағы су тасқыны. Волонтерлер көмегі қандай?
Еріктілер адамдарды іздеу жұмыстарына да атсалысып жатыр

Елімізде ұзақ жылдан бері болмаған табиғи апат орын алып отыр. Мұндай ел басына күн туған уақытта құтқарушылармен бірге аймақтар тұрғындары мен еріктілер жұдырықтай жұмылып, ортақ іске бірікті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Олардың қатарында апат орнының басы-қасында жүрген «Жастар Рухы» Жастар қанатының еріктілері де бар. Қарғын су елді жайлағалы бері Жастар қанатының 3 000-нан аса волонтерлері отандастарымызға қол ұшын созуда.
«Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша төтенше жағдай басталғалы бері құтқарушылармен қатар көмек көрсетіп, алдыңғы қатарда жүрген жастар саны артуда.
«Жергілікті органдар мен волонтерлер өзара тығыз жұмыс жасауда. Себебі табиғи апаттан зардап шеккендердің қажеттіліктерін жедел түрде жеткізу керек. Сондай-ақ өздеріңізге белгілі «Жастар Рухы» жанынан еліміздің барлық облыстарында жедел әрекет етуші Республикалық волонтерлер штабы құрылды. Штабқа судан зардап шеккен тұрғындар немесе волонтерлер қатарына қосылам деуші жастар хабарласа алады. Еліміздегі барлық республикалық волонтерлік бірлестіктер бірлесе жұмыс істеп жатқанын айта кеткен жөн. Волонтерлік ұйымдардың жұмысын «Жастар Рухы» Жастар қанаты үйлестіруде. Өткен жолы Атырау облысын 30 тонна гуманитарлық көмекті «Жастар Рухы» мен Қазақстан студенттері Альянсы волонтерлері қабылдап алып, пункттерге жеткізсе, Солтүстік Қазақстан облысына «Dauletten» қайырымдылық қорымен керекті заттарды жөнелтіп, табыстайты боламыз. Соңғы мәліметтерге сәйкес су тасқынының екінші толқыны күтілуде. Оған да біздің еріктілер дайын болады» - деді А.Искандерова.
Алапат су тасқыны орын алғалы бері еріктілердің бірлескен күш-жігері су тасқыны салдарын азайтуға, зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуге бағытталған. Атап айтсақ, халықты қауіпсіз орындарға көшіру, суды бөгеттеу, өзен деңгейінің көтерілуіне жол бермеу үшін қапшықтарды құммен толтыру, гуманитарлық көмек жинап, оны үлестіру, құтқарушыларды ыстық тамақпен, шаймен қамтамасыз ету, суға бату қаупі бар үйлердің маңын қардан тазарту.
Сондай-ақ «Biz Birgemiz» қоғамдық қорының қолдауымен азық-түлікпен қатар электр жарығынсыз ауылдарға генераторлар да жеткізілді. Осы тұста айта кететін жайт, гуманитарлық көмекті тез әрі дереу жеткізу үшін тікұшақтармен Төтенше жағдайлар министрлігі қамтамасыз етті. Әуе жолы арқылы көмек Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарына жетті. Қарғын судан зардап шеккен аймақтарға жалпы 250 тонна гуманитарлық көмек келді.
Өздеріңізге белгілі, су тасқыны басталған сәтте Абай облысында адамдар жоғалды. Адамдарды іздестіру жұмысына да еріктілер атсалысты. Сонымен қатар Қостанай әкімінің шақыруын да назардан тыс қалдырмады. Олар көпірді нығайту бойынша жалпы іске қосылды.
Ал атыраулық ерікті Жалғас Халелов өңірде су басу қаупі бар аймақтарда бірнеше күннен бері тұрғындармен иықтаса жаға бекіту жұмыстарына кірісіп кеттік дейді.
«Өзен суы көтеріледі деген жаңалықты естігеннен бері қала маңындағы ықшам аудандарда қапшықтарды толтырып, тасу, бөгеттерді орнату жұмыстарын жасаудамыз. Волонтерлер қатарында жасөспірімдер, егде жастағы тұрғындар, түрлі сала қызметкерлері бар. Уақытпен санаспай апаттың алдын алуға барынша тырысудамыз»,- дейді Ж. Халелов.
Облыс орталықтар, қала шеті мен аудан, ауылдарда еріктілер топ-топқа бөлініп жұмыс істеп жатыр. Қыздар ыстық тамақ істеп, гуманитарлық көмекті сұрыптаса, ерлер түздегі жұмысқа қолғабыс етуде. Волонтерлердің барлығы арнайы оқытудан өтіп, оларға жыл ішінде қауіпсіздік шаралары бойынша мастер-класстар ұйымдастырылып тұрады.
Жастар қанатының еріктілерінің көмегімен төтенше жағдай қызметкерлерінің нұсқауымен тұрғын үйлерге судың кіріп кетпеуі үшін 40 мың құм толтырылған қапшықтардан бөгеттер орналастырылды.
Сондай-ақ жоғарыда айтып өткендей, еліміздегі ірі волонтерлік бірлестіктермен Республикалық волонтерлер штабы құрылды. ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Тынымбайұлы жастар ұйымдарымен кездесіп, су тасқынымен күрес бойынша алдағы міндеттерді шегеледі. Штабқа «Жастар Рухы» ЖҚ, ASAR-UME, «Dauletten» қайырымдылық қоры, Қазақстан халқы ассамблеясы, «Ауыл жастары» Жастар қанаты, Қазақстан жастарының конгресі, Қазақстан студенттер Альянсы, Ұлттық волонтерлік желі және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жанындағы «Келешек» жастар кеңесі және т.б. ұйымдар кірді. Волонтерлік ұйымдардың жұмысын «Жастар Рухы» Жастар қанаты үйлестіруде.
Штаб қатарына қосылған «Dauletten» қайырымдылық қорының директоры Жасұлан Қуандық:
«Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын эвакуациялау басталғаннан кейін волонтерлермен қажетті заттар тізімін дайындап, жолға шықтық. Қоғамдық қор және Жастар қанатымен облысқа қарасты су басқан ауылдардағы азаматтарға гуманитарлық көмекті табыстап, хал-ақуалымен таныстық. Дәл осындай жұмыстар өзге аймақтарда да қарқынды жүруде».
Айта кету керек, волонтерлердің атсалысуымен гуманитарлық көмек Қызылорда облысынан Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысына 11 жүк көлігімен жіберілсе, Түркістан облысынан Ақтөбеге, Шымкент қаласынан Батыс Қазақстан облысына, Астана қаласынан Қостанай облысына жөнелтілді.