«Айт қабыл болсын!». Елімізде мұсылмандар мерекесі басталады
Ертең Астана қаласында таңғы сағат 7.00-де айт намазы оқылады
Рамазан айынан кейінгі Шәууәл айының бірінші күні Ораза айт мейрамы болып есептеледі. Ислам күнтізбесі бойынша мереке күні жыл сайын ауысып отырады, биыл ол 10 сәуірге сәйкес келіп тұр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ораза айт мерекесі Мұхаммед пайғамбардың шешімімен ай күнтізбесінде 624 жылы белгіленді.
Ораза Айт — мейірім мен кешірім мерекесі. Бұл күні адамдар жаман ойдан арылып, санасын тек жақсылыққа бұрып, рухани тазаруы керек. Бұрын-соңды ренжіскен туған-туыс, жора-жолдас, көрші қолаң төс қағысып, қайта татуласады.
Мереке қалай тойланады
Ертең Астана қаласында таңғы сағат 7.00-де айт намазы оқылады.
Бұл күні сәресін ішу міндет емес, яғни ораза ұстамайды. Таңертең мешітке барарда үйдегі астан дәм татып кету керек. Айт намазы таң атқан соң, жарты сағаттан кейін оқылады. Жамағатпен жасалатын діни жоралғыға үлгермеген кісі түске дейін намазын жалғыз оқи береді.
Ораза айтта қандай ғұрыптар орындалады
Айт намазын оқып болған соң, адамдар бір-бірінің үйіне айттап кіреді. Әйелдер дастарханға тәтті, дәмдісін қойып, ұлттық тағамдар мен бауырсақ пісіреді, шай қайнатады. Көрші-қолаң бір-біріне қыдырып, дәмнен ауыз тиіп, отбасына амандық пен бақыт тілейді. Жастар үйдің үлкендеріне сәлем беріп, балаларға сыйлықтар таратады. Жетім-жесірге, жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық жасалады.
Бұл күні құрбан шалып, көл-көсір дастархан жасап, көпшілікті шақырып, тойлату міндет емес. Ораза айт – жақындарыңды қуантатын, жақсылық жасайтын, әлсізге қамқорлық танытатын күн. «Айт» сөзінің өзі «қуанышыңды бөлісу», «мерекелеу» дегенді білдіреді.
Қазақстанда айт мерекесі үш күнге созылады. Алғашқы күні мерекелеумен өтсе, келесі екі күнде жыл ішінде қайтыс адамдарды еске алып, рухына құран бағыштайды.
Пітір садақасын беру
Ораза айттың алдында әр мұсылман пітір садақасын беруі керек. Пітір садақа Рамазан айынан ораза айт басталғанға дейінгі аралықта берілуі тиіс. ҚМДБ биыл пітір садақа мөлшерін 640 теңге деп бекіткен. Ол екі келі ұнның орташа бағасы болып есептеледі.
Оразаның қарыз күндері
Ораза күндері қарыз болып қалғандар ораза айттың бірінші күнінде аузын бекітпейді. Егер мұсылман адам қарыз күндерін өтегісі келсе, Шәууәл айының екінші күнінен бастап ораза ұстауына болады. Сонымен бірге, Шәууәл айында өз еркімен 6 күн ораза ұстаған адамға 1 жыл ауыз тұтқанмен бірдей сауап жазылады делінеді.
Ораза айтта әйелдерге не істеуге болмайды
Ислам дінінде әйелдерге жұма және мерекелік намазды оқу міндеттелмеген, бірақ дұға-тілек тілеулеріне тыйым салынбаған. Мешітке барып намаз оқу міндеттелмеген, керісінше әйелдің үйде отырып оқыған намазы мен дұғасы екі есе қабыл болады.