«Қазақстан халқына» қоры су тасқынынан зардап шеккендерге көмек мөлшерін 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтады
Бұған дейін қор 200 үй салу үшін 5 млрд теңге бөлген
Қазақстандағы су тасқынының ауқымы мен оның салдарын ескере отырып, «Қазақстан халқына» қоры су тасқынынан зардап шеккендерге көмек мөлшерін 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy қордың ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
Айта кетейік, бұған дейін қор ауылдарда 200 үй салу үшін 5 млрд теңге бөлген. Қор жаңадан бөліп отырған 10 млрд теңгеден бөлек, 1 сәуірден бастап 9 сәуірге дейін су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде халықтан және әртүрлі компаниялардан 970 млн теңге жиналған.
«Қор қаражаты мен жиналған ақша есебінен 430-дан астам үй салуға болады. Жаңа донорлар белсенді қатысқан жағдайда Қор үйлер санын едәуір арттырады деп күтеді. Су тасқыны салдарынан қираған тұрғын үйді қалпына келтіру қажеттілігі анағұрлым жоғары екенін ескере отырып, «Қазақстан халқына» қоры жанашыр азаматтар мен заңды тұлғаларды мемлекет басшысының зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қаражат жинау жөніндегі бастамасын қолдауға шақырады», - деп хабарлайды қор.
Қордың өкілдері осы қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауды ұстайтынын хабарлап отыр.