Атыраулықтарға көмек көрсету үшін маңғыстаулық еріктілер келіп жетті
Волонтерлер Атырау облысында апаттан зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр
Еліміздегі су тасқынымен болған жағдай елді елең еткізіп, әбігерге салып отыр. Атырау облысында су тасқынының алдын алу шараларына жасөспірім баладан, егде жастағы қариялар кірісіп те кетті. Олардың ішінде Маңғыстаудан келген волонтерлер де бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Осындай ел басына күн туған уақытта волонтерлердің басын біріктіріп, жұмысты бір арнада атқарып жатқан - «Жастар Рухы» Жастар қанаты.
Бүгінде Жастар қанатының 2 000-нан аса еріктілері республика көлемінде төтенше жағдай қызметкерлерімен иық тіресе халыққа көмек көрсетуде.
Астанадан волонтерлерді бастап келген «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша волонтерлер күші елдегі жағдай орныққаннан кейін де қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылады.
«Атырау облысын су басу қаупі бар дегенді естіп, бірден Астана қаласынан жолға шықтық. Ақтаулық еріктілер де қол қусырып қалмады. Қазіргі таңда құм толтырылған қапшықтардан бөгеттерді орналастыру, тұрғындарды қауіпсіз жерлерге эвакуациялау бойынша жұмыстарға белсене араласуда. Сондай-ақ «Biz Birgemiz» қоғамдық қорының қолдауымен Бейнеу ауданы мен Атырау облысындағы эвакуацияланған тұрғындарға азық-түлікпен қатар жылу генераторлары, жылы киімдер мен қайықтар келіп жетті. Түні бойы біздің волонтерлер оларды сұрыптап, таңда халыққа табыстады. Қызыл су жайлаған аймақтарда күндіз-түні жұмыс істеп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген құтқарушыларға ауызашар уақытында ыстық тамақ пен шай үлестірудеміз. Жалпы еліміз бойынша еріктілердің көмегімен 20 мың инерттік материалдар толтырылған қапшықтардан бөгеттер орналастырып, аймақтар барлығы 250 тонна гуманитарлық көмекпен қамтамасыз етті. Су тасқыны сейіліп, жағдай орныққанға дейін еріктілер күші халыққа көмек көрсетуге жұмылдырылатын болады. Осы сәтте барша еріктілерге шексіз алғысымды білдіргім келеді», - деді А. Искандерова.
Сондай-ақ еліміздегі оңтүстік аймақтардағы еріктілер де шетте қалмады. Шымкент қаласы мен Қызылорда, Түркістан облыстарының рухтастары батыс өңірлерге гуманитарлық көмек жинап, оны аймақтарға жеткізіп, үлестіру жұмыстарына атсалысты. Атап айтатын болсақ, Түркістан облысы – 30 тонна, Шымкент қаласы – 20 тонна, Қызылорда облысы – 45 тонна гуманитарлық көмекті жеткізді. Ал Астаналық волонтерлер Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына гуманитарлық көмек дайындады. 20-ға жуық волонтер Қарағанды облысы, Шет ауданының шалғай ауылдарына барып, гуманитарлық көмекті тікұшақ арқылы жеткізіп, үлестіру жұмыстарына қатысты.
Сондай-ақ еріктілердің басын біріктіріп, тәулік бойына көмек көрсетіп жүрген «Жастар Рухы» ЖҚ Атырау облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлы қол ұшын созғысы келетін азаматтар көбеюде дейді.
«Сын сағатта еріктілер күшін біріктіріп, апаттың салдарымен күресуге жұмылдырудамыз. Атырау, Маңғыстау және Астана қаласының еріктілермен бірге судың бетін қайтару бойынша жұмыстарды істеудеміз. Су тасқынын алдын аламыз, өз қаламызды апаттап қорғаймыз деуші тұрғындар да белсенді атсалысуда. Мұнда жас талғамайды, мектеп оқуышысынан, зейнеттегі қартқа дейін біріге көмек көрсетуде», - деп атап өтті.
Атырау облысында тынбай еңбек етіп жүрген ақтаулық волонтер Аманбек Сайлауов осындай қиын уақытта қол қусырып отыра алмадық дейді.
«Елімізде орын алған жағдайға бей-жай қарай алмадық. Бір топ маңғыстаулық рухтастар болып Атырау облысына келіп жеттік. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші баршамыз бірігіп қолдан келген барлық көмекті көрсететін боламыз», - деді ол.
Айта кететін жайт, еліміз бойынша «Жастар Рухы» ЖҚ жанынан Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жедел әрекет етуші Республикалық волонтерлер штабы құрылды. Мұнда апаттан зардап шеккен азаматтар мен Жастар қанаты волонтерлерінің қатарына қосыламын деуші жастар жүгіне алады. Штабтардың байланыс нөмірлері Жастар қанатының @jastar_ruhy инстаграм парақшасында көрсетілген.