Біз қиналған ағайынмен әрқашанда біргеміз — Түрік консулы
Түркия елшілігі су тасқынынан зардап шегіп жатқан өңірлерге гуманитарлық көмек жіберді
Алматыдағы Түркияның бас консулы осындағы түркиялық компанияларды жинап, қажетті заттарды су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге жіберді, деп хабарлайды Azattyq ruhy.
Қайырымдылық шараға «Тәуелсіз тауар өндірушілер және кәсіпкерлер ассоциациясы» ҚҚ бастаған компаниялар атсалысты. Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Эврен Мүддеррисоглу азық-түлік өнімдері мен кілемдерден құралған гуманитарлық көмекті Алмалы ауданының комьюнити орталығына табыстады.
«Қазақстанның батыс, солтүстік және шығыс өңірлерінде орын алған су тасқыны біздің де қабырғамызды қайыстырып отыр. Сел апатынан зардап шеккен барша ағайынмен әрдайым біргеміз. Оларға қымбатты Мусиад мүшелері, меценаттар гуманитарлық көмек жөнелтіп отыр. Гуманитарлық көмек - 110 жәшік азық-түлік және 40 дана кілемнен құралды. Біз зардап шеккен азаматтармен біргеміз», - деді Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Эврен Мүддеррисоглу.