Мәдениет министрлігі ұлттық фильмдерді іріктеу ережесін өзгертті
Жаңа ереже 12 сәуірден бастап күшіне енеді
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі қаржыландыруға үміткер ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті фильмдердің іріктеу ережесіне өзгерістер енгізді. Жаңа өзгерістер қамтылған бұйрық 2024 жылдың 12 сәуірінен бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, киножобаларды іріктеу екі кезеңде жүзеге асады. Бірінші кезең – фильмдердің сценарийін (ойын және анимациялық фильмдер үшін) немесе сценарий жоспарларын (деректі және хроникалы фильмдер үшін) қарау. Екінші кезеңде тақырыптық жоспарға сай келетін, Сараптама кеңесі іріктеген жобалардың құжаттарын жинақтау жүзеге асырылады. Құжаттарды тапсырғаннан кейін үміткерлерге анықталған қателерді түзетуге 3 күн уақыт беріледі.
«Орталық құжат қабылдау аяқталғаннан кейін талаптарға сай келетін өтініш берушілердің құжатын Сараптама кеңесінің қарауына жібереді. Содан кейін киножобалардың ашық қорғау (питчинг) күні белгіленіп, үміткерлерге питчингті өткізу уақыты қосымша хабарланады. Питчинг ашық форматта өткізіледі және Сараптама кеңесі әр категория бойынша әділ шешім шығаруға ықпал етеді», - делінген хабарламада.
Орталық Сараптама кеңесінің қорытындысын ведомствоаралық комиссияның қарауына енгізеді.
Конкурстың барлық кезеңіне қатысты ақпараттар орталықтың интернет-ресурсында және әлеуметтік желілеріндегі ресми аккаунттарында қолжетімді болады. Бұл шаралар мемлекеттік қолдауға ие болатын киножобаларды іріктеудегі ашықтықты қамтамасыз етпек.