Мүфтият: Биылғы пітір садақа мөлшері – 370 теңге
Діни басқарма биылғы пітір садақа мөлшерін 370 теңге деп бекітті

Бүгін елордада онлайн режимде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Рамазан айы қарсаңында дәстүрлі төралқа мәжілісі өтті. Бұл туралы muftyat.kz сайты жазды.
Жиында ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов Рамазан айында берілетін підия, пітір садақасы мен зекет мөлшерін анықтаудың маңызы жайында баяндама жасады.
«ҚМДБ төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді. Пітір садақаның құны ұнның республика бойынша есептегенде нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Ал материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен бергені абзал», - делінген Мүфтяит баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айта кетсек, биыл Рамазан айы 24 сәуірде басталады. Сондай-ақ карантин кезінде Рамазан айында мешіттерде тарауық намаз оқылмайды, аузашар берілмейді.