«Өңделген фото»: Бишімбаев Нүкенованың бет-жүзі көгерген суреті туралы айтты

Темірхан Айжан

Экс-министр жұбайының 20 наурызда балаларымен бірге үйде болғанын айтты 

«Өңделген фото»: Бишімбаев Нүкенованың бет-жүзі көгерген суреті туралы айтты
видеодан скриншот

Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованың бет-аузы көгерген суретін «өңделген фото» деді. Ол 2023 жылғы 20 наурызда не болғаны туралы өз нұсқасын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жәбірленуші Салтанаттың бет-аузы көгергені туралы айтты. Ондай ештеңе болған жоқ. Көрсеткен фото монтаждалған шығар, түсі қоюлатылған шығар, оны ешкім білмейді. 20 наурызда менің балаларым Салтанатпен бірге үйде болған. Мен күні бойы жұмыста болдым, кездесулерден қолым босамады. Ол маған әр сағат сайын видеомен қоңырау шалып, неге жауап бермейтінімді сұрай берді. Мен кездесуде отырғанымды, телефонды алуға мүмкіндік жоқ екенін айттым. Кешкі 9 шамасында ол менің ата-анама қарай төменгі қабатқа түскен екен. Маған ата-анам жақта болам деп жазып жіберді. Сол жақтан бір бөтелке виски тауып алып, бәрін ішіп қойған. Менде Астана уақытымен түнгі 23:00-де психологпен сессия болды. Мәскеу уақытымен кешкі 20:00. Салтанат менің шынымен писхологта отырғаныма көз жеткізу үшін, оған хабарласқан. Бұл тіпті күлкілі», - деді Бишімбаев.

Оның айтуынша, барлық жұмысын аяқтап, үйіне қайтып бара жатқанда Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді қоңырау шалып, балағаттаған.

«Үйге қайтып бара жатқанымда, жәбірленуші хабарласты, мені балағаттай бастады. Салтанат ол кезде үйде жоқ. Ол кешкі сағат оннан бастап әке-шешем жақта жүрген. 10, 12 жастағы балаларымды жалғыз тастап кеткен. Жәбірленушімен сыртта кездесеміз деп келіскенбіз. Бірақ мен келгенде ол үйде болды да, маған ас үйден пышақ ала жүгірді. Мен оның қолындағы пышақты алуға ұмтылдым. Қолымда содан тыртық қалды. Пышақты әрең алған соң, қорқып қалған қызым мен ұлымды бір бөлмеге отырғызып шыққанымда, жәбірленуші астаң-кестеңін шығарған. Менен «Салтанат қайда деп сұрады?», мен «Әке-шешемнің үйінде» дедім. Бірақ ол маған сенбей, менің әке-шешеме түннің ортасында хабарласты. «Салтанатты қайтармасаңдар, немерелеріңе бірдеңе істеймін» деп қорқытты. Мен оның бәрін тыңдап тұрдым. Ол Салтанатқа кетті. Оны алып кетпекші болды, бірақ Салтанат оны балағаттап, қайтарып жіберді. Ештеңе істей алмаған соң, ол қашып кетті. Кейін полиция келді. Оны жәбірленуші шақырды ма, білмеймін. Салтанат мас, оған ештеңе болмағанын көрді. Бұл біздің ең үлкен жанжалымыз еді», - деді Бишімбаев сотта.

Бишімбаев соттағы мәлімдемесінде Салтанатты ашуланшақ, мінезі түсініксіз, бірде көл, бірде шөл адам ретінде сипаттады.

Айта кетейік, бүгін Астанада экс-министр Бишімбаевқа қатысты сот отырысы жалғасын тапты.

Сотта Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованың Қазақстанға танымал адаммен жақын қатынаста болғанын айтты. Сондай-ақ Нүкеновамен қалай танысқанын айтып тұрғанда қайта-қайта күле берді. Ол үшін судьядан ескерту алды. Сот залында отырған Нүкенованың анасы Бишімбаевтың сөзін көтере алмай, жылап қалды.

Еске салайық, 29 наурызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өз жұбайы Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты өткен болатын. Сотта куәгердің бірі Нүкенова өлген күнгі видеожабалардың қалай өшірілгені туралы айтты. Жәбірленушінің ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың қалай танысып, қалай аралары суығаны, олардың арасындағы ұрыс-жанжал туралы айтып, қарындасының бет-аузы көгерген суретін көрсетті. Сонымен бірге, қарындасы өлтірілген ауыр түнді еске алды.

27 наурызда 12 алқабидің қатысуымен бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың негізгі сот отырысы өткен.

Күдікті Қ.Бишімбаевқа тағылған айып:

ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы, адам өлтіру, басқа адамға қатысты құқыққа қарсы қасақана аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің;

1) тармағы бойынша кiнәлi адамға материалдық жағынан тәуелдi адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылған.

Күдікті Бақытжан Байжановқа тағылған айып:

ҚК-нің 432-бабы, аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу және ҚК-нің 434-бабы, белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылған.

2023 жылдың қарашасында экс-министрге өз әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген айып тағылды. Оған ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі (Азаптау) және 99-баптың 2-бөлігі (Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру) бойынша айып тағылған. Егер қылмысы дәлелденсе экс-министр 20 жылға дейін сотталуы мүмкін.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.