$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.04.2020, 22:56
Қоғам

«Birgemiz»: Елбасы тағы 200 мыңнан астам мұқтаж отбасына көмектесуді тапсырды

Бұған дейін қор 152 мыңнан астам отбасыға 50 мың теңгеден таратты

«Birgemiz»: Елбасы тағы 200 мыңнан астам мұқтаж отбасына көмектесуді тапсырды
Фото: ашық дереккөзден

Тұңғыш Президенттің бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры аясында 152 мыңнан астам отбасыға 50 мың теңгеден біржолғы көмек көрсетілді. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Бүгін Елбасының қабылдауында болып, мұқтаж жандарға көмек ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндадым. Өздеріңізге мәлім, Елбасының тапсырмасы бойынша қазіргі кезде «Nur Otan» бүкіл әлеуетін Президент жариялаған коронавируспен күрес шараларын қолдауға, мұқтаждарға көмек ұйымдастыруға жұмылдырды. Төтенше жағдай жарияланғаннан бері «Jas Otan» волонтерлары бүкіл ел көлемінде 50 мыңнан астам мұқтаж отбасыға азық-түлік себеттерін, антисептиктер мен маскалар үлестірді. Сондай-ақ, Тұңғыш Президенттің бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры аясында 152 мыңнан астам отбасыға 50 мың теңгеден біржолғы көмек көрсетілді», - деп жазды Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, бұл жұмысты атқаруға кәсіпкерлер мен меценаттар барынша жәрдем беріп жатыр. Бүгін Елбасы оларға өз алғысын білдірді. Сонымен бірге ол жасотандық волонтерларға, сондай-ақ осындай қиын-қыстау кезеңде мұқтаж жандарға бар ықыласымен көмек қолын созып жүрген арлы азаматтарға да алғыс айтты.

«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы жұмыстарды әрі қарай жалғастырып, қолда бар қаражаттың аясында тағы да 200 мыңнан астам мұқтаж отбасын қамтуды тапсырды. Отбасылық коэффициентті ескерсек, берілгелі отырған көмек 1 миллондай адамды қамтымақ. Құрамында белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері бар Қордың қамқоршылық кеңесіне және оның төрағасы ретінде маған төлемдердің анық, нақты жүргізілуін және жұртшылықтың уақтылы хабардар етілуін қамтамасыз ету жүктелді. Мұқтаждарды көбірек қамту бойынша жүктелген міндетті ескере отырып, көмек көрсетудің екінші кезеңінде осы кезге дейін көмек алмаған отбасыларға басымдық бермекпіз. Таяу күндерде өңірлер әкімдері мен әлеуметтік қорғау органдары көмек алушылардың тиісті тізімдерін пысықтайтын болады. Көмек көрсету мерзімі мамыр айының бас жағына белгіленді», - деп жазды ол.

Бауыржан Байбектің айтуынша, бұдан бөлек, «Jas Otan» волонтерлары ертеңнен бастап Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы 100 мыңнан астам әлсіз отбасыларға тегін маска таратуға кіріседі. Сонымен қатар азық-түлік жиынтығын жеткізіп беру жұмыстары да жанданатын болады.

Серіктес жаңалықтары