Облыс әкімдері диқандарға дизель отынын жеткізу жұмыстарын жандандыруы керек – министр
Энергетика министрлігі жеңілдікті дизель отынының құнын литріне 250 теңге деңгейінде бекітті
Республика бойынша барлығы 340 мың тонна дизель отыны көлеміне жиынтық өтінім қалыптастырылды. Бұл туралы Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысын баяндаған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жиынтық өтінім негізінде Энергетика министрлігі дизель отынын тиеп-жөнелту бойынша мұнай өңдеу зауыттарына облыстарды бекітіп беру графигін, сондай-ақ жеңілдікті дизель отынының құнын литріне 250 теңге деңгейінде бекітті. 26 наурыздағы жай-күй бойынша мұнай өңдеу зауыттарынан өңірлерге барлығы 67,7 мың тонна (немесе 20%) дизель отыны тиеп-жөнелтілді. Облыстардың әкімдіктері дизель отынының бөлінетін көлемін тиеп-жөнелту жұмыстарын жандандыруы қажет», - деді министр.
Бүгінгі таңда өтінім беру және жеңілдікті дизель отынын алу рәсімі толығымен цифрландырылған, бірақ өтінім беріп үлгірмеген жекелеген шаруалар бар.
«Осыған байланысты, жекелеген өңірлердегі әкімдіктер және фермерлер өтінімдер қабылдауды қосымша ашу мәселесін көтеруде», - деді министр.