Әзірбайжан мен Қазақстан сайлау органдары ынтымақтастығын одан әрі дамытуға мүдделі
Нұрлан Әбдіров пен ҚР ОСК өкілдері Бакудегі сайлау учаскелерін аралады
Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бастаған делегация ақпанда өткен Әзірбайжан елінің президент сайлауына халықаралық бақылаушылық жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ақпараттық агенттігі.
Түркітілдес тамырлас мемлекеттің кезектен тыс президент сайлауын байқауға Қазақстан делегациясын Әзірбайжан Республикасы, ТМД, ШЫҰ, ТМҰ, ЕҚЫҰ ДИАҚБ басшылығы шақыртты.
Сонымен елімізден атынан сайлауды бақылаушылар ретінде 36 өкіл барды: ҚР Сыртқы істер министрлігінің 10 өкілі және ҚР Орталық сайлау комиссиясының 2 өкілі - қысқа мерзімді байқаушылар, 1 ұзақ мерзімді байқаушы болды. Ал жалпы 790 шетелдік Әзірбайжанның кезектен тыс президент сайлауында бақылаушылық қызметін атқарды. Бұл сайлаудың бір ерекшелігі – тәуелсіз Әзірбайжан тарихында алғаш рет сайлау бүкіл елдің аумағын қамтып, оккупациядан босаған елді мекендерге 26 сайлау учаскесі ұйымдастырылды. Дауыс беру құқығы бар 6 млн 478 мың 623 адам үшін 6537 сайлау учаскесі құрылды. Шетелде дауыс беруге арналған 37 елдің елшіліктері мен консулдықтарында 49 сайлау учаскесі құрылды. Сайлауда 7 кандидат бақ сынады.
Елдің қазіргі президенті Ильхам Әлиев қарсыластырын артқа тастап, 92,12% дауыспен жеңімпаз атанды. Ал қалған үміткерлер: Захид Орудж 2,19% дауыс, Рази Нұруллаев - 0,8%, Фазиль Мұстафа - 2%, Эльшад Мұсаев - 0,67%, Гудрат Гасангулиев - 1,76%, Фуад Әлиев - 0,53% дауыс жинады.
Әзірбайжан Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша халықтың 76,4% - ы сайлауда дауыс беруге келген.
Бұл күні Нұрлан Әбдіров пен ҚР ОСК өкілдері Бакудегі сайлау учаскелерін аралады. Учаскелерді ашу, дауыс беру мен бюллетендерді санау, дауыстың нәтижесін шығару жұмысына бақылаушылық жасады. Ал Қызылорда облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов болса, әскери қақтығыстарды бастан кешкен Ханкенді мен Шуша қалаларындағы сайлау учаскелеріндегі процесті бақылады.
Әзірбайжан Республикасының ОСК Төрағасы Мазахир Панаховпен кездескен Қазақстан ОСК Төрағасы әріптесіне сайлауға қатысуға шақырғаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар ол бауырлас елдің учаскелерге бармай-ақ сайлау процесін бақылауға мүмкіндік беретін интернетке шығатын веб-камераларды қолдану тәжірибесіне қызығушылық танытты.
«Әзірбайжандағы сайлау жақсы деңгейде ұйымдастырылды және дауыс беру процесі ұлттық сайлау заңнамасын сақтай отырып өтті»,- деді ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Әзірбайжан тарапы өз кезегінде мемлекеттеріміз арасындағы сайлау органдарының ынтымақтастығын дамыта түсуге мүдделі екенін білдірді.
Келесі кезекте Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Түркия орталық сайлау органдары төрағаларының бірлескен отырысы өтіп, өзара іс-қимыл мәселелері ортаға салынды. Сонымен бірге аталған елдер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ТМҰ-ға мүше елдердің орталық сайлау органдарының Консультативтік кеңесін құру туралы бастамасын пысықтап, оны жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді.