«Біз таңдаған адам уәдесінде тұрды»: ауыл тұрғындары сайлауда жеңіске жеткен әкім жайлы
Тұрғындар әкім барлық мәселені халықпен бірлесе шешетінін жеткізді
Елімізде осыған дейін жоғарыдан тағайындалған ауыл әкімдерін халықтың өзі таңдауға мүмкіндік берілгеніне биыл үш жыл толады. Ал былтыр аудан мен облыстық маңыздағы қалалардың басшысын бұқараның өзі анықтаған еді. Мамандар бұл жаңашылдық халықтың саяси сауатын арттырды десе,тұрғындар өздері сайлаған әкімнен сайлауалды бағдарламаның орындалуын талап ете аларын айтып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy
Үш жыл бұрын өңірде өткізілген сайлауда жеңіске жеткен 31 ауыл әкімінің бірі - Жаннұр Ахметов. Ол тұрғындардың 75%-ының дауысын жинап жеңіске жетті. 35 жасында ауыл тізгінін ұстаған азамат сайлауалды бағдарламасын үш жылда 200% орындадым деп отыр. Себебі берілген уәде сөз күйінде қалмауы тиіс.
«Үлкен тәжірибе жинадым. Сайлауалды бағдарламамен жүргенде халықтың аманатын, халықтың үмітін ақтауға күш-жігеріңді, тәжірибеңді салуға тырысасың. Халық сайлаған әкім болғаннан кейін сұраныс менен болғасын, біріншіден - ұят, екіншіден өзімнің шама-шарқым жеткенше, хал-қадерім жеткенше халыққа қызмет етіп, Ақсуат ауылдық округінің көркеюіне барынша үлесіңді қосуға тырысасың», - деді БҚО Ақсуат ауылдық округінің әкімі Жаннұр Ахметов.
3 мыңдай тұрғыны бар ауылда үш жыл бұрын ұялы байланыс нашар, мектеп тапшы, жастарға арналған демалыс орындары жоқ болатын.
Бүгінде ауылдық округтерге кіреберіс жол салынып, білім ордалары бой көтерген. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауыз суға қарық болған ауылда қазір 4G желісі де ұстап тұр. Шалағай шенеуніктердің қоқыс полигонының қақ ортасынан ауыл саламыз дегеніне әкімнің қарсы шыққаны тұрғындарға ұнаса керек. Енді көп болып қоқысты тазартқасын, 300 үйлік жаңа қоныс бой көтермек.
Ауылдық тұрғындар осы әкімді таңдағандарына дән риза екендерін жеткізді.
«Өзіміз шатасқан жоқпыз, осы әкімді сайлағанымыз үшін ризамыз. Қандай мәселе көтерсе де, халықты жинап, солармен бірге шешеді. Дауыс бердік, бергенімізге өкінбейміз. Себебі оның нәтижесін көріп жатырмыз. Халықтың игілігі үшін көп жұмыс атқарылып жатыр. Ол кісі біріншіден қазақы жерден келген. Ауылдың тыныс-тіршілігінен толық таныс адам», - деді тұрғындар.
Мамандар бұл бастама халықтың саяси сауатын арттыруға әсер етті дейді. Өйткені ұнаған үміткерді өздері таңдай алатынына жұрттың көзі жеткен. БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламановтың айтуынша, сайлау халықтың жауапкершілігін арттыра түсті.
«Бұл сайлаудың бізге берген көмегі - халықтың да жауапкершілігін арттыруға тікелей әсерін тигізеді. Өйткені тек қана әкім жасамайды, әкімді сайлаған халықтың өзі де тікелей жауапкершілікте болып, бүкіл ауылдың, округтің көлеміндегі халықтың тұрмысын жақсартуға бірге жұмыстар атқарады», - дейді ол.
Еске салсақ, биыл тағы 30 ауылдың әкімі сайланбақ. Одан кейін облыс басшысын халық анықтайтын күн де алыс емес.