$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.03.2024, 23:32
Қоғам

Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолында жағымсыз әдеттерден арылудың маңызы зор – Мәулен Әшімбаев

Сенат Төрағасы жаңа идеологиялық бағдар аясына бүкіл қоғам болып топтасып, жаңа міндеттерді іске асыруда жұдырықтай жұмылуымыз керектігін айтты

Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолында жағымсыз әдеттерден арылудың маңызы зор – Мәулен Әшімбаев
Фото: Facebook/Мәулен Әшімбаев

Бүгін Атырау қаласында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Дәстүрге айналған келелі кеңестің кезекті жиынында идеология саласында жүргізілетін кешенді жұмыстың нақты бағыт-бағдары айқындалды. Бұл қазіргідей жаһандану кезеңінде тарихи тамырдан ажырамай, ұлттың өзіндік келбетін сақтап қалу үшін аса маңызды қадам екені анық. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінің  Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Шын мәнінде, елдің өсіп-өркендеп, озық мемлекеттердің қатарына қосылуы үшін экономикалық жетістіктер аздық етеді. Бұл ретте халықтың бірегейлігін айшықтайтын құндылықтар айрықша маңызға ие. Мемлекет басшысы Құрылтайда осы мәселеге баса назар аударды. Президентіміз өз сөзінде бұл бағыттағы бірқатар мәселеге тоқталды. Соның ішінде қоғамдағы береке-бірлікті сақтау елдікті нығайту жолындағы негізгі міндеттердің бірі екенін айтты. Мемлекет басшысы атап өткендей, осы істе зиялы қауымға айрықша жауапкершілік жүктеледі. Расымен, аға буынның ауызбіршілігі тұтас елдің ынтымағына әсер ететіні сөзсіз. Құрылтайда мемлекеттік тілге қатысты мәселе де назардан тыс қалған жоқ. Президентіміз қазақ тілінің ғылым тіліне айналып келе жатқанын және тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қалатынын айтты. Бұл істе креативті индустрияның маңызы ерекше. Осыған орай алдағы уақытта аталған саладағы кешенді жұмыстар жалғаса береді», - деп жазды Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қоғамда кітап оқу мәдениетін орнықтыру үшін Құрылтай мүшелерінің Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысына қолдау білдіріп, оны мазмұнды әрі нәтижелі өткізу керектігін айтты.

«Елдің идеологиялық кеңістігін кеңейту жолында мәдени мұраны сақтау, төл тарихымыз бен көрнекті тұлғаларымызды дәріптеу ісі де басымдыққа ие. Сол себепті Президентіміз биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толып отырғанын назарға алып, елімізді әлемге таныту үшін Алтын Орда брендін жан-жақты және кеңінен пайдалану қажет екенін атап өтті. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолында жағымсыз әдеттерден арылудың маңызы зор. Қазіргі таңда түрлі үрдістерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болғаны белгілі. Мемлекет басшысы осы мәселеге ерекше тоқталып, есірткі саудасы, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм және ысырапшылдық сияқты елдің іргелі жылжуына тұсау болатын дерттерге тосқауыл қою керектігін айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлт тамырына балта шабатын мұндай әдеттерден түбегейлі құтылу үшін заңды күшейтіп, жазаны қатайтып, батыл қадамдар жасау қажет екенін атап өтті», - делінген жазбада.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Президенттің ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар туралы айтқанын атап өтті.

«Олар: Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Елімізде жалпыұлттық құндылықтар жүйесін бекіту, қоғамда жаңа этика қалыптастыру, Президентіміз айтқан «Адал азаматқа» лайықты ұрпақ тәрбилеуде аталған қағидалар негізгі бағыт болары анық. Сондықтан Мемлекет басшысы айқындап берген жаңа идеологиялық бағдар аясына бүкіл қоғам болып топтасып, жаңа міндеттерді іске асыруда жұдырықтай жұмылуымыз керек. Бұл ретте Парламент, оның ішінде Сенат заңнамалық бағыттағы жұмысты сапалы әрі уақытылы жүргізуге дайын екенін атап өткім келеді. Алдағы уақытта халқымыз осы бағытта бірлік пен Президентіміз айтқан «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» үш тағанына табан тіреп әрекет етсе, озық ойлы ұлт болып қалыптасатыны сөзсіз. Сол себепті, баршаңызды елдікті нығайтатын іске бейжай қарамай, белсенділік танытуға шақырамын», - делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары