Атырау облысының дамуына ерекше мән беру керек – Тоқаев

Сымбат Ғалымжан

Әсіресе, өңірдің экологиялық ахуалын ретке келтіру маңызды

Атырау облысының дамуына ерекше мән беру керек – Тоқаев
Фото: Әсет Құндақбаев

Атырау облысында жыл соңына дейін бірнеше емхана, оңалту (реабилитация) орталығы және басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға берілетіні мәлім болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Атырау жұртшылығы облыстың экологиялық ахуалына алаңдап отырғанынан хабардар екенін айтты.

«Бүгін, міне, ортамызда атыраулық ағайындар да отыр. Соның ішінде экология мәселелерін көтеріп жүрген белсенді азаматтар бар. Жалпы Атырау жұртшылығы облыстың экологиялық ахуалына алаңдап отырғанын білемін. Қалада кәріз жүйесін, су құбырын салу өте маңызды. Инфрақұрылым әбден ескірген. Соның кесірінен жерасты сулары және Жайық өзені ластанып жатыр. Облыс орталығында қоқысты сұрыптауға және өңдеуге қатысты түйткілдер бар. Атырауда қоқыс сұрыптайтын кешен салынған. Әкімдік оны жақын арада іске қосуға тиіс. Сондай-ақ қоқыс полигонын дереу ретке келтіруі қажет. Бұл мәселелер міндетті түрде өз шешімін табуы керек», - деді Президент.

Қазір осыған байланысты нақты жұмыс жасалып жатыр. Мемлекет басшысы Үкіметке және облыс әкімдігіне бұл маңызды жұмысты аяғына дейін жеткізуді тапсырды.

«Бұл мәселе менің бақылауымда болады. Жалпы Атырау облысының дамуына ерекше мән беру керек. Сондықтан Үкімет пен әкімдік арнайы жоспар бойынша жұмыс істейді», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент Атыраудағы Онкология орталығын салуға жер қойнауын игерумен айналысатын кәсіпорындар қаржы бөлетінін хабарлады.

«Мен кезінде Атырауда Онкология орталығын салу туралы тапсырма бердім. Бірақ, қаржы мәселесі толық шешілмей, созылып кетті. Енді оған жер қойнауын игерумен айналысатын кәсіпорындар қаржы бөлетін болды. Құрылыс келесі жылы аяқталады. Сондай-ақ, облыс әкімінің айтуынша, Радиология корпусының құрылысын қаржыландыру мәселесі де шешімін тапты. Бұл нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Осы жобаларға демеушілік көрсеткен азаматтарға және компанияларға ризашылығымды білдіремін. Бұдан бөлек, биыл бірнеше емхана, оңалту (реабилитация) орталығы және басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі», - деді Мемлекет басшысы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.