Маңғыстауда науқастан салмағы 5 келіге жететін миома ісігі алынып тасталды

Azattyq Rýhy

Операция 2 сағатқа созылған

Маңғыстауда науқастан салмағы 5 келіге жететін миома ісігі алынып тасталды
Фото: freepik.com

Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлері 51 жастағы Атырау қаласының тұрғынына лапаротомия отасын жасады. Ота сәтті өтті, жатырдан салмағы 5 кг миома ісігі алынып тасталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Науқас соңғы уақытта іш көлемінің ұлғайғанын, етеккірі ауырсынумен, көп мөлшерде қан кетумен өтетіндігін байқаған.

«Ауру белгілері науқасты бірнеше жыл бойы мазалаған. Басында ісік кедергі келтірмегендіктен, қатты мән бермеген екен. Соңғы кезде ішінің көлемі өсіп кеткендіктен біздің орталықты таңдап, арнайы, өз қалауымен ота жасатуға келді. Эндоскопиялық және реконструктивті гинекология бөлімінің жоғары санатты хирург-дәрігері Нұрлан Жакиев бастаған мамандар дәрігерлік мультидисциплинарлық консилиум өткізді. Аурудың клиникалық көрінісін ескере отырып, лапаротомия отасы жасауға шешім қабылдады», - дейді облыстық перинаталдық орталықтың баспасөз қызметі.

Ота 2 сағатқа созылды. Науқастың жағдайы тұрақталып, бүгін қалыпты жағдайда үйіне шығарылды. Дәрігерлердің айтуынша, миома – жатыр бұлшық етінің қабатында орналасқан қатерсіз ісік. Яғни, әйелдің ішкі ағзасында пайда болатын жұмсақ дінді жасушалар. Әйел адам пайда болған ауруды дер кезінде анықтап, емдеу үшін гинеколог-дәрігерге жиі қаралып тұруы қажет. Себебі көп ауру жағымсыз әсер тудырмай, еш белгісіз басталады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.