«Әділ сөздің алдаспаны»: AMANAT-тың қолдауымен республикалық командалық айтыс бастау алды

Өнер сайысында күйшілер, жыршылар, термешілер мен дәстүрлі әншілер де өзара мықтыларды анықтады

«Әділ сөздің алдаспаны»: AMANAT-тың қолдауымен республикалық командалық айтыс бастау алды
Фото «AMANAT» партиясының баспасөз қызметінен

Қызылорда қаласында «AMANAT» партиясының қолдауымен Әйтеке бидің 380 жылдығына орай «Әділ сөздің алдаспаны» тақырыбында республикалық командалық айтыс өтті. Дүбірлі додада Қызылорда облысы мен Шымкент қаласының командалары өзара бақ сынасты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Айтыс тізгінін ұстаған Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай өнер сайысын тамашалауға келген көрерменге алғысын білдіріп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жүзден жүйріктер топқа түскен тартысты додада тек айтыс қана емес, ұлттық өнеріміздің бірнеше жанры қамтылды. Яғни, айтыскерлер, күйшілер, жыршылар, термешілер және дәстүрлі әншілер арасында кіл мықтыда кім мықты анықталды.

«Мәселен, Сыр өңірінің намысын қорғаған Мұхтар Ниязов, Біржан Байтуов, Ержан Әміров, Мөлдір Айтбай, Бексұлтан Орынбасаров сынды ақындар Шымкент қаласынан келген Нұрлан Есенқұлов, Мейіржан Жарылқап, Әнәпия Нұрғали сияқты сөзмергендерімен сынға түсті. Сондай-ақ жыршылар Төлеубай Бисенбек пен Абылай Бөріханов, термешілер Әділхан Қуаңбаев пен Ербол Халмырзаев, күйшілер Алдияр Шағдатов пен Қайырбек Қалиев, дәстүрлі әншілер Ақмарал Ноғайбаева мен Тұрар Алменов байсалды бәсекенің көрігін қыздырды», - деп хабаролады «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі.

Осылайша ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, төраға Жүрсін Ерман бастаған, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы, ақын, Мәдениет саласының үздігі Құдайберлі Мырзабеков, дәстүрлі әнші, Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев, жыршы-термеші, Мәдениет саласының үздігі Ерболат Шалдыбаев қостаған қазылар алқасының шешімімен қызылордалық команда жеңіс тұғырынан көрініп, келесі кездесуге жолдама алды.

Қазылар алқасының мүшесі Қойлыбай Асановтың айтуынша, ел тарихында командалық айтыс алғаш рет 1986-1987 жылдары ұйымдастырылды. Араға қырық жылға жуық уақыт салып, игі дәстүр қайта жаңғырып жатыр.

«Жасыратыны жоқ, кейінгі жылдары айтыскерлерге түрлі сын тағылып жүр. Ақындар айтар сөзін алдын ала жаттап алып, сахнаға дайындықпен шығады дейтіндер көбейді. Ал бүгін «Түре айтыс» та, «Қайым айтыс» та өте тартысты өтті. «Аттың жалы, түйенің қомында» суырып салып айтқан сөздердің куәсі болдық. Бұл – белгілі бір өңірлердің ғана емес, тұтас қазақ халқының рухани кеңістігіне жаңалық алып келетін бастама», - деді ол.

Ақындарға 500 мың теңге, өзге жанрлар бойынша бақ сынаған өнерпаздарға 250 мың теңге мөлшерінде қаржылай сыйақы мен бағалы сыйлықтар табысталды. Келесі кездесу 15 наурызда Түркістан қаласында ұйымдастырылып, онда Түркістан және Жамбыл облыстарының өнерлі өрендері сынға түседі.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.