Алматыда «Могул» және «параллель могул» шаңғы жарысынан Әлем Кубогы өтеді

Ел намысын Юлия Галышева бастаған спортшылар қорғамақ

Алматыда «Могул» және «параллель могул» шаңғы жарысынан Әлем Кубогы өтеді
Фото: Әсет Құндақбаев

Алматының «Шымбұлақ» тау курортында фристайлдың «могул», «параллель могул» және «шаңғы акробатикасы» бағыттары бойынша FIS Әлем Кубоктарының кезеңдері өтеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.    

Ресми жаттығулар 7 наурызда басталады. Ал жарыс өтетін жолдар Юлия Галышеваның құрметіне «Yuka G» деп аталды. Жарыста 16 елден жиналған халықаралық деңгейдегі 180 спортшы қатысады.

«Осы жылы Шымбұлақ қатарынан екі мерейтойды атап өтпек: курорттың 70 жылдығынан бөлек, фристайл бойынша әлем кубогы кезеңдерін біздің курортта бесінші рет өткізгелі жатқанымызды да қуана атап өтеміз. Бұл жыл – біз үшін ерекше, біз осындай абыройлы сайыстардың қожайыны болып, спортшылар өз шеберліктерін көрсетіп, жаңа ұрпақты шабыттандыра алуы үшін жағдай жасап жатқанымызды мақтан тұтамыз» - деді «Шымбұлақ» ТК бас директоры Ринат Абдрахманов.  

Ал «ҚР Ұлттық Шаңғы Ассоциациясы» бас хатшысы Аскар Валиев фристайл бойынша Әлем кубогы кезеңдерін бесінші жыл өткізу осы спорт түріне деген сұраныстың үздіксіз артып отырғандығы деп санайды. Аскар Валиев Қазақстанның позициясы мықты екендігін және топ елдермен лайықты қарсылас екендігін атап өтті. Сайыстарда Қазақстанның атынан 15 спортшы бақ сынайды. «Могул/параллель могул» бағытында - 10 атлет, «шаңғы акробатикасы» бағытында - 5 атлет.

«Әсіресе параллель могулдың олимпиада бағдарламасына енгізілгені қатты қуантады және осы жылы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарында да алғаш рет өткізілді. Бұл – бағыттың дамуына және жас спортшыларға өз таланты мен шеберлігін көрсетуге қосымша мүмкіндік беретін үлкен қадам. Бұл тек басы екендігіне сенеміз және осы керемет сайыстардың 2026 жылы Миланда өтетін Олимпиада ойындарының бөлігі болғанын асыға күтеміз. Сондай-ақ, осы жылы тарихымызда алғаш рет онлайн-төрешілік болатынын атап өткім келеді. Курортта тек екі халықаралық төреші болады. Бұл қадам – цифрландыруға өтудің және шаралар ұйымдартыруда инновациялар енгізудің бір бөлігі», - деді Валиев.

Қазақстан құрамасының дайындығына FIS Халықаралық шаңғы спорты федерациясының өкілі, рейс директор Андреа Риналди де тексеріп көрді.

«Ең алдымен осындай шараның ұйымдастырылып жатқан Қазақстанға алғыс айтқым келеді. Команланың ұйымшылдығын, жолдардың дайындық деңгейін бөлек атап өту керек. Бүгін бұл жерде әлемнің үздік спортшылары жиналады. Әр старт ерекше, сондықтан бізге процесстің өзі қызық», - деді Андреа.
 

Спорт жанкүйерлері ресми трансляция ҚазСпорт телеарнасынан көре алады. Өткен жылы life-форматтағы трансляцияны 3 миллионға жуық көрермен қарады, сондай-ақ 60 млн-ға жуық қайта қаралым болған. Фристайл бойынша Әлем кубогының кезеңдері – Халықаралық шаңғы спорты федерациясының (FIS) қолдауымен 1980 жылдан бері өтіп келе жатыр. 

2019 жылы Алматыда алғаш рет могул бағыты бойынша фристайлдан Әлем Кубогының кезеңі өтті. Оған12 елдің үздік спортшылары қатысты. Қазақстан командасының көшбасшысы Юлия Галышева алтын медальға ие болды. 2020 жылғы кезеңде Алматы тағы да параллель могул бағытында фристайл бойынша  FIS Әлем кубоктарының кезеңдерін («Шымбұлақ» ТК-да) және алғаш рет шаңғы акробатикасы бағытында фристайл бойынша  FIS Әлем кубоктарының кезеңдерін өткізді («Ой Қарағай» ТК-да). Алдабергенова Жанбота шаңғы акробатикасы бойынша қола медальға ие болса, Рейхерд Дмитрий могул бойынша сайыстарда 4-ші орынға жайғасты. 2021 жылы Алматыда FIS Әлем чемпионаты және параллель могул және шаңғы акробатикасы бағытында фристайл бойынша Әлем кубогы кезеңдері ұйымдастырылды. Қазақстандық спортшылар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, бірнеше медаль иеленді. Әлем чемпионатында могул бағыты бойынша Юлия Галышева күміс медальға, Колмаков Павел және Городко Анастасия қола медальға ие болды. Шаңғы акробатикасы брйынша Әлем кубогы кезеңінде Алдабергенова Жанбота қола медаль иесі атанды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.