Енді мемлекеттік грант алған ғалымдар нәтиже көрсетуі тиіс
Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобалары талқыланып жатыр
Мәжіліс отырысында депутат, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен мемлекет тарапынан миллиардтап қаражат алған ғалымдардың қандай нәтиже көрсеткенін сұрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ғылым және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша мемлекет тарапынан гранттар бөлінеді. Бұл – ғалымдарға үлкен қолдау. Бірақ ғылым нақтылық пен нәтижені жақсы көреді. Көптеген ғалымдар мемлекет тарапынан бірнеше рет қаржыландырылған.
Соңғы 10 жылдағы «миллиардниктерді» атап өтейін: Адекенов 1 млрд 491 млн теңге, Мансуров 930 млн теңге, Раманкұлов 1,1 млрд теңге, Рамазанов 1,6 млрд теңге грант алған.
Осы ғалымдар қандай нәтиже шығарды, қандай ғылыми жетістіктерін коммерцияландырып, өндіріске енгізді, қанша жұмыс орны ашылды, одан қанша салық түсті?
Жобалар мен зерттеулерді одан әрі іске асырудың қандай-да бір критерийі бар ма? Ғалым грантты алды, бірақ нәтижесі жоқ, сосын ол өтініш беріп, тағы грант алады. Осылай жалғаса бере ме әлде тоқтау бола ма?» - деді ол.
Саясат Нұрбек депутаттың сауалына толығырақ жазбаша жауап беретінін айтты.
«Жалпы коммерцияландыру жобаларының нәтижесінде соңғы 5 жылда 60 млрд-қа жуық төлемдер, салықтар түсті. 1400-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды, бизнестен инвестиция арқылы жекеменшік сектордан 6 млрд жуық ақша тартылды. Сол нақты 10 ұйымның нәтижесі туралы қазір уақытты алмай, жазбаша жауабын берейін.
Ғалым грант алады, оның нәтижесін, өндіріске жеткен-жетпегенін қалай білеміз? Бүгінгі талқыланып отырған заң жобасы аясында айтып кеткендей, TRL деген құрал енгізіледі. Сол құрал арқылы ғылыми жаңалық тікелей өндіріске енгізілген жағдайда ғана гранттың нәтижелерін толыққанды қабылдаймыз. Бұл өте қиынға түседі. Оны мойындауымыз керек. Біздің ғылыми қауымдастық ғылыми гранттарды ала беруге үйреніп қалған. Сұраныс, талап қатал емес. Грантты беріп жатыр, беріп жатыр. Енді осы талаптар күшейтіледі. Бір грант бойынша нәтиже бермей жатып, екіншісін алып жатқан ұжымдар бар. Оларды да біз реттейтін боламыз», - деді Саясат Нұрбек.
Авторы: Айжан ТЕМІРХАН