Жоғарғы Сот Төрағасы Глубокое аудандық сотын ашты
Ғимаратта іске қатысушылар үшін барлық жағдай жасалған
Жоғарғы Сот Төрағасы Шығыс Қазақстанда Глубокое аудандық сотын ашты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жаңа аудандық сот ғимаратының ашылу салтанатына Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев, Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров, облыс әкімі Ермек Көшербаев, облыстық соттың төрағасы Манат Көміршінов, судьялар қатысты.
Ашылу салтанатында сөз алған спикерлердің барлығы мемлекет тарапынан сот жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
Өз сөзінде А.Мерғалиев бұған дейін аудандық сот 1966 жылы салынған аумағы стандартқа сәйкес үш есе аз тар ғимаратта орналасқанын атап өтті. Сотталушыларға, келушілерге, сот отырысына қатысушыларға және т.б. үшін сот залдары жеткіліксіз болды. Ғимаратта қарапайым тұрмыстық жағдайлар жоқ болды және жер сілкінісі қаупі бар деп танылды.
Жоғарғы Сот Төрағасы 1,492 м2 жаңа ғимараттың эстетикалық және сәулеттік келбетіне тоқталды. Онда сот төрелігін жүзеге асырудың заманауи стандарттары ескерілген және процеске қатысушыларға, ең бастысы, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінетін аудан тұрғындарына барлық жағдай жасалған.
Е.Көшербаев сот ғимаратының ашылуын аудандағы жарқын оқиға деп атап өте келе, сот жүйесінде жүргізіліп жатқан өзгерістердің тиімділігін айтып өтті. Соның ішінде, өңірде тараптардың сотқа дейінгі татуласуымен аяқталатын азаматтық істер, сондай-ақ әкімшілік істер бойынша – татуластыруға байланысты талап қоюларды қайтарып алудың артуы байқалатынына тоқталды.
М.Көміршинов судьялардың сот төрелігін сапалы жүзеге асыруға, ал аудандық сот қызметкерлері сот әкімшілігі қызметін көрсетуге бар күш-жігерлерін салатынына сенімін білдірді.
Салтанатты шараның қонақтары мен қатысушылары жаңа ғимаратты: ыңғайлы сот залдары, конференция залы, судьяларға арналған кабинеттер, қойма және техникалық үй-жайларды аралап көрді.
Сол күні А.Мерғалиев пен Н.Ахметзакиров облыстың сот корпусымен кездесті. Кеңесте облыстық соттың алқа төрағалары Әділ Бакин, Дулат Салатов және Төленді Қасымов, сондай-ақ облыстық соттың төрағасы Манат Көміршінов өз жұмыстарына тоқталды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы сот жүйесі қызметінің басым бағыттары: соттардың кадрлық, материалдық-техникалық әлеуетін нығайту, салаға кәсіби мықты заңгерлерді тарту үшін судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы хабардар етті. Сыбайлас жемқорлық көріністерін жою, адамдарға ілтипатпен қарау, мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормалары мен мінез-құлық стандарттарын сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Соңында Жоғарғы Сот Төрағасы облыстық соттың отставкадағы судьялары Алтайбек Әнуарбеков пен Тоғжан Кирееваны «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапаттады.