$ 523.17  550.06  4.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Техниктер тек ұлдар деген стереотиптік көзқарас бар – ректор Сәуле Рахметуллина

Өмірінің саналы бөлігін Шығыс Қазақстан өңірін дамытуға арнаған ректор университеттің жетістіктерін айтып берді

Техниктер тек ұлдар деген стереотиптік көзқарас бар – ректор Сәуле Рахметуллина
Фото: С. Рахметуллинаның жеке мұрағатынан

8 наруыз мерекесіне орай Azattyq Ruhy іскер, табысты әйелдер туралы материалдар сериясын жариялайды. 

Елімізге еңбекқорлығымен танылған әйелдің бірі - «AMANAT» партиясы әйелдер қанатының мүшесі, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сәуле Рахметуллина. Техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сәуле ханым білім берудегі гендерлік тепе-теңдік, гендерлік стереотиптер және білім саласындағы жүріп өткен еңбек жолындағы тәжірибесімен бөлісті.

Сәуле Рахметуллина Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Верхнеберезовка шағын ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Бала кезінен математика, күрделі есептерді шығару, қиын сұрақтардың шешімін табуды ұнататын. Оның пікірінше, осының бәрі оны университеттегі «Механика және қолданбалы математика» мамандығын таңдауға итермелеген.

«Отбасымда менен өзге ағам мен інім бар. Олардың қолдауы мен ата-анамның тәрбиесінің арқасында мен еркін адам болып өстім. Мені жақсы көріп, барлық бастамаларымды қолдайтын еді. Тіпті, басқа қала, басқа елдегі университетке түсу барлық балаға рұқсат етілмейді. Өз бетімше шешім қабылдайтын тұлға болып қалыптасуыма жақын адамдарымның қолдауы септігін тигізді», – деді Сәуле Рахметуллина.

Ол декреттік демалыстарын санамағанда, университет бітіргеннен бастап, бүкіл өмірін жоғары білім беру жүйесіне арнады.

«Иә, ғылым мен білім саласында жұмыс істеу қиын, бұл – шындық. Бірақ тек күрделі тапсырмалар ғана мамандардың дамуына жақсы серпін беріп, ой өрістерінің кеңеюіне ықпал етеді», - деді Сәуле Рахметуллина.

Оның алғашқы ғылыми жұмысының бірі – Өскемен қаласының экологиясын жақсартуға бағытталған еңбегі. Қауіпсіздік орталығының тоғыз бақылау бекеті алаңында ауаның ластануын бақылауға арналған бағдарламалық қосымша және ақпараттық-талдау жүйесі.

«Техниктер тек ұлдар, ал қыздар мұғалімдікке ғана баруы тиіс деген стереотиптік көзқарас болған. Бірақ жынысына қарамастан барлық адамның бейімділігі әртүрлі болады»,- деді Сәуле Рахметуллина.

Соның бір дәлелі – өзі техникалық университеттің  ректоры. Стажер-оқытушыдан бастап, аға оқытушы, кафедра меңгерушісінің орынбасары, кафедра меңгерушісі, оқу-әдістемелік орталық және жағдаяттық талдау орталығының басшысы, даму стратегиясы және мониторинг департаментінің директоры, оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор, бірінші проректор қызметтерін атқарды.

«Біздің әйелдерге тән жақсы қасиет – ол жауапкершілікке баса мән беру. ШҚТУ-де  ғалымдардың жартысынан көбін әйелдер қауымы құрайды. Бір байқағаным, ғылыми жобаны қолға алғанда, оны жұмыс ретінде емес, өз баласындай қабылдайды. Бұл жауапкершілікті аналық инстинкттің бөлігі ретінде жобаларға ауыстырады. Ректор болып жұмыс істегенде нәзіктік пен жұмсақтық көмектеседі. Эмпатия және жұмсақ көзқарас кез келген мәселені оңай шешуге септігін тигізеді. Әрине, көшбасшылық қасиет те маңызды – ұжымның көңіл-күйін сезіну, белгілі бір жоба бойынша топты дұрыс құрастыру, әркімге өз шеберлігі мен құзыретіне қарай тапсырма беру, процесті сауатты басқару, шығармашылық пен ғылыми көзқарастың тепе-теңдігін табу және т.б. Әйелдер, әдетте, басшылық қызметте болған кезде белгілі бір климат пен атмосфера жасауға тырысады. Мысалы, балабақша не мектеп жұмыс істемеген жағдайда қызметкерлеріміз балаларын қалдыра алатын EKTU.OTBASY жобасын іске қостық. Университет қызметкерлері мен студенттеріне фитнес залына тегін бару бағдарламалар ұйымдастырдық. Жалпы, біз қызметкерлеріміз бен студенттеріміздің жайлы ортасы үшін барлық жағдай жасаудамыз», - деді Сәуле Рахметуллина.

Технологиялық серпілістердің арқасында көптеген салада физикалық күштің қажеттілігі қалыс қалып, интеллектуалдық дағдылар басты критерийге айналуда. Өз университетін мысалға ала отырып, ол техникалық мамандықтарға түсетін қыздар санының тенденциясын байқаған.

«Ректор әрдайым оқиғалардың, оқу процесі мен ғылымның ортасында болуы керек. Менің ректор ретіндегі алғашқы шешімімнің бірі әкімшіліктен бас корпусқа көшу болды. Әкімшілік ғимаратын барлық зертханалары, кабинеттері мен оқу сыныптары бір алаңда, бір жерде болуы үшін ШҚТУ халықаралық инженерлік мектебін дамыту үшін босаттық. Дәл сол жерде, өткен жылдың соңында біз қытайлық серіктестермен бірлесіп бірегей «Лу Бан шеберханасын», электромобильдермен жұмыс істеу, жасанды интеллектті пайдалана отырып, жол қозғалысын басқаруды ұйымдастыру саласындағы заманауи орталықты аштық. Шеберхана қазірдің өзінде жұмыс істейді және біздің студенттер сонда оқиды», - деді ол. 

Сәуле Рахметуллина  Білім және ғылым министрлігі өткізген конкурс нәтижелері бойынша «2014 жылдың үздік оқытушысы» атағына ие болды. Сонымен қатар ол пандемия кезінде  «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Марапаттар қоржынында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хаты да бар.

Жалпы, ШҚТУ өңірдегі көптеген индустриалды кәсіпорындар және компаниялармен бір алаңда орналасқан. Тарихи тұрғыдан алғанда, университет олармен тығыз қарым-қатынаста, өйткені оларға әрқашан «техниктер» қажет. Сондықтан студенттер тәжірибеден тікелей болашақ жұмыс беруші орындарында өтеді. Компаниялар мен оқу орны арасында тығыз байланыс қалыптасқан,  ШҚТУ білім беру бағдарламалары оқытушыларының 20%-дан астамы – кәсіпорын қызметкерлері. Мұндай бірлескен жұмыс Атамекен-2024 рейтингінде мемлекеттік жоғары оқу орындары арасында түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша бірінші орында тұрған университет (94%) тамаша нәтиже береді.

«Бұл біздің барлық қызметкеріміздің жұмысының және дұрыс ұйымдастырылған білім беру қызметінің нәтижесі. ШҚТУ CDIO-ның инженерлік білім берудің бірыңғай сапасын реформалау және дамыту жөніндегі дүниежүзілік бастамасының құрамында бұл стандарттар оқу процестеріне белсенді түрде енгізілуде. Мұнда жұмыс берушілер мойындаған ШҚТУ маңызды рөл атқарды және біздің студенттер еңбек нарығында өте сұранысқа ие», – деді Сәуле Рахметуллина.

Дұрыс құрылған қарым-қатынас жүйесі, ЖОО-дағы комплаенс-офицердің жұмысы, студенттік омбудсмен, облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен ынтымақтастық, ISO 37001 сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл халықаралық жүйесін енгізу және осының бәріне сәйкестігіне жыл сайынғы мониторинг және сауатты талдау жұмыстары бәрі ШҚТУ-ға еліміздің жоғары оқу орындарының қатарында болуға көмектеседі.

«Жалпы, менің бүкіл отбасым технология мен біліммен байланысты. Күйеуім жоғарғы оқу орнында, қызым Мюнхендегі Google кеңсесінде жұмыс істейді, IT технологиялары саласындағы жеке сарапшы-кеңесші. Мектептегі ұлым халықаралық жобаларға қатысып, Германиядағы университетте оқуға шақырылды. Ол машина жасау бағытын таңдады», - деді ректор.  

Серіктес жаңалықтары