«Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары біріктіріледі
Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну бағдарламасының жобасын әзірледі
Министрлік мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну бағдарламасының жаңа жобасын әзірледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған салаларды дамыту үшін Министрлік «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіруді көздейтін Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну бағдарламасының жобасын әзірледі. Жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар үшін жүзеге асырылатын болады. ШОБ жобаларын субсидиялау жөніндегі жаңа тәсілдер нарықтық жағдайларға кезең-кезеңмен көше отырып, субсидиялаудың сараланған әдісін көздейді. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру мақсатында қарсы міндеттемелер күшейтілді», - деді Ұлттық экономика министрі.
Ол бәсекеге қабілетті шағын және орта кәсіпорындарды іріктеу үшін кіріс базалық өлшемшарттар белгіленгенін айтты.
«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кепілдік беру құралы ең тиімді шара болып табылады және бизнестің басты проблемасын – банктер алдындағы кепілдердің жетіспеушілігін шешеді.
Субсидиялау құралынан кредиттер бойынша Даму Қорының кепілдіктерін кеңейтуге біртіндеп көшу көзделеді», - деді министр.
Авторы: Айжан ТЕМІРХАН