«Мені көбі қазаққа ұқсатады»: Димаштың қытайлық жанкүйері қазақ тілін үйреніп жүр

Аягөз Құрмаш

Ол қазақ тіліндегі кітаптарға интернеттен тапсырыс береді 

«Мені көбі қазаққа ұқсатады»: Димаштың қытайлық жанкүйері қазақ тілін үйреніп жүр
Фото: Azattyq Ruhy

Цзянь Лань Бейжіңде журналист болып жұмыс істейді. Ол қазақ тілі мен өнеріне деген қызығушылық қалай оянғанын Azattyq Ruhy тілшісіне айтып берді. 

Цзянь Лань қазақ халқына деген ықыласы ерекше екенін айтты. Оның арманы-Қазақстанға сапарлау.

«Мен Димаш жайлы 2017 жылы «I am a singer» (Мен әншімін) шоуынан білдім. Себебі мен музыканы сүйіп тыңдаймын. Димаш өте талантты әнші. Оның өмірі және өнерімен жақынырақ танысқым келді. Сол жылдары мен Бейжіңдегі шет тілдері университетінің аспиранты едім. Біздің мектепте қазақ тілін үйрететін курстар болды. Сол курстарға мен бір жыл бойы қатыстым. Қазақстаннан келген Мейірлан есімді мұғалім өте мейірімді еді»,- дейді Цзянь Лань. 

Ол өзге тілді үйренуге үнемі ынтасы мен қызығушылығы жоғары болғанын айтады.

«Қазақ тілін үйренбес бұрын мен ағылшын және жапон тілдерін меңгердім. Ол тілдерді өте жоғары деңгейге көтере алдым. Алайда қазақ тілін үйренетін оқулықтар өте аз болғандықтан тілді оқуда қиындықтар болды»,- дейді қытайлық. 

Ол қазақ тілі бойынша материалдарды түрлі арналардан жинаған. 

«Мен қазақша қаріп танимын. Синьцзянь қазақтары қолданатын араб әліпбесі арқылы кітап оқуды үйрендім. Алайда тілдік орта мен бірге үйренетін серіктестің болмағанынан тілді меңгеру өте баяу жүріп жатыр»,- деді Цзянь Лань. 

Ол қазақ тілін үйрену барысында қазақ халқы мен Димаш жайлы тың ақпарат алғанын жеткізді. 

«Қазақша жетік сөйлей алмасам да, қазақша әндерді айтып, сәлемдесу тәртібін білемін. Қазақ тілін меңгере жүріп көптеген қазақ дос таптым. Тіпті, жеке өмірде де қазақ жігітімен араласу бұйырды»,- дейді ол.

Цзян Лань қытай сегментінде қазақ тіліндегі электронды кітаптар бар екенін айтты. 

«Қазақ тілін меңгеру деп іздесеңіз интернетте шығады. Сондай-ақ Халықаралық тәжірибе алмасу орталығында Мағжан Жұмабаевтың мерейтойын тойлап, қазақтар ұйымдастыраиын іс-шараларға жиі қатысатын едім»,- дейді ол. 

Цзань Лань Қазақстанға баруды мақсат етіп отырғанын жеткізді. 

«Мен осыған дейін пандемияның кесірінен шетелге шыға алмадым. Бірақ биыл қазақ-қытай туризмі жылы. Осы жылы Қазақстанға жол түседі деп үміттенемін»,- дейді ол.

Цзань Лань Димаштың әндерінен өзге де  қазақ әншілерінің әндерін тыңдайтынын жеткізді.

«Әншілерден тағы Қайрат Нұртасты білемін. Соңғы кезде Адам деген әншінің әндері біздің арамызда танымалдылыққа ие болып жүр»,- дейді ол.

Цзянь Лань Цзянси провинциясында 1996  жылы дүниеге келген. Бейжіңдегі шет тілдері университетін тәмамдаған. Қазір Бейжіңде журналист болып жұмыс істейді. Отбасы құрған. 

«Маған көбі қазаққа ұқсайтынымды айтады. Қазақ тілі мен өнерін жақсы көргендіктен, осы ұлтпен тығыз байланыс орнату менің тағдырым ба деп те ойлаймын»,- дейді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.