Қостанайда мүмкіндігі шектеулі баласына алимент төлемеген борышкер бас бостандығынан айырылды
Оның берешегі шамамен 400 000 теңгені құрайды

Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚК 139-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстық сотқа сілтеме жасап.
«Сотта К.-ның кәмелетке толмаған 2012 жылы туған баланың әкесі бола отырып, сот шешімі бойынша кәмелетке толмаған баласын асырауға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттемелерін үш айдан астам уақыт бойы орындамағаны, нәтижесінде шамамен 400 000 теңге сомасында алимент бойынша берешегі туындағаны анықталды», - делінген хабарламада.
Бұл құқық бұзушылықты заң бұзушы бұрынғы үкім бойынша осыған ұқсас қылмыс үшін бас бостандығын шектеу жазасын өтеу кезінде жасаған.
«Сотталушы маскүнемдіктен зардап шегетіндіктен, оның мінез-құлқын түзеу шараларын қолданбағандықтан, кәмелетке толмаған баласын асырау үшін алимент төлеуден жалтаруды жалғастырғандықтан, бас бостандығын шектеу түріндегі бұрынғы жаза мақсатына жете алмағанын, жәбірленушінің жағдайын ескере отырып, кәмелетке толмаған баланың – мүгедектің құқықтары мен мүдделерін қорғай отырып, сот оған 1 жыл мерзімге нақты бас бостандығынан айыру түріндегі ең ауыр жаза тағайындады», - делінген хабарламада.