Лудомания жайлы заң жобасы жақында Мәжіліске келуі керек – Аймағамбетов
Үкімет мүшелері 1-2 аптаның ішінде заң жобасын жолдайтынын айтқан
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов лудомания жайлы заң жобасы жақында Мәжіліске келуі керегін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Лудоманиямен күресті заң жүзінде жүзеге асыру үшін заң жобасы бізге Үкіметтен келуі керек. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін заң жобасы бізге жетпеді. Қазір біз Үкімет мүшелерімен осы жұмысты жүргізіп жатырмыз. Әріптестеріміздің айтуы бойынша, осы 1-2 аптаның ішінде бұл заң жобасы бізге келеді. Қазір тиісті рәсімдер аяқталып жатыр. Бұл заң жобасы аясында жақын арада жұмысты бастаймыз деп ойлаймын», - деді Асхат Аймағамбетов.
Депутат атағандай, заң жобасының Мәжіліске жетпеуінің бірқатар себебі болуы мүмкін.
«1,5 жыл осындай өте маңызды заң жобасы келмегенінен кейін түрлі қауесеттер тарайды. Біз әріптестерімізге осы мәселені жеткізіп айттық. Соңғы кездесуімізде бұл мәселені төтесінен қойдық. Лудоманиямен күресу мәселесі өте маңызды. Мемлекет басшысы тапсырма берді. Қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтты. Соның өзінен кейін бұл заң жобасының уақытылы келмеуі көп сұрақ туындатады. Біздің ойымызша, заң жобасы жақын арада келеді. Үкіметтегі әріптестеріміз бұл заң жобасының маңыздылығы мен қолдауы жайлы айтты», - деді депутат.
Асхат Аймағамбетов заң жобасында жарнама, лотомотивтердің жұмысы, жауапкершілікті күшейту жайлы нормалар бар екенін айтты.
«Осы сынды басқа да нормалар бар. Көшедегі баннерлер, букмекерлік кеңселердің жарнамалары бағытында да тиісті жұмыс жүргізіледі. Лудомандарды емдеу, анонимді емдеу мәселелері де бар», - деді депутат.
Еске салсақ, Мәжілістің комитет отырысында «AMANAT» партиясының депутаттары Үкімет лудомания туралы заң жобасын 1,5 жыл неге ұстап отырғанын айтып сынаған еді.