Әйел өз балаларын өлтіруі мүмкін бе – психоаналитик Анна Құдияровамен сұхбат
Түркістан облысында екі баласын өлтірді деген әйел ұсталды

Түркістан облысында екі баласын өлтірді деген әйел ұсталды. Бұл жаңалық дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Жалдамалы пәтерлердің бірінен екі жас баланың мәйіті анықталған. Қазір іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Azattyq Ruhy тілшісі Орталық Азия психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдияровамен сұхбаттасты. Туған анасы өзінің балаларына қол көтеруі табиғатта мүмкін құбылыс па, маман жауап берді.
«Бірден ойыма келетіні психоз. Яғни, бала босанғаннан кейінгі психоз. Көп әйелде бала дүниеге келген соң депрессия басталып кетеді. Сондай кезде оны, әдетте, туыстары түсінбейді. Психиатр мен психоаналитиктің орнына тәуіп, молдаларға апарып, «мінезің өзгерді» деп сөйлеп, ауруды одан сайын өршітеді. Есін білмейтін, барлығына ашулы әйел балаларына сол себепті қол көтеруі мүмкін. Суға лақтырады, у береді, мұндай жағдайлар болған. Бала босанғаннан кейінгі психоздың салдары - ол ана емес, әйел емес, үлкен адам емес, кішкентай нәресте қыз болып, регрессияға түсіп кетеді. Сонда кішкентай қызға екі баланы бағу, емізу, киіндіру – бәрі қиын болады. Өз баласын өзі жек көріп кетеді. Бірақ, бұның барлығы – бейсаналы құбылыстар», - деді Анна Құдиярова.
Маманның айтуынша, адамдар бейсаналы ойға келген дүниені өте жиі іске асырады.
«Екінші себеп – Медея комплексі. Грек мифологиясынан алынған. Яғни, Медея деген әйел өзінің күйеуіне ашуланып екі баласын өлтіреді. Сонда мына келіншек те күйеуіне, олардың туыстарына өкпелі болуы әбден мүмкін. Соларды жазалау үшін, өшін алуы үшін өзінің туған балаларын өлтіреді. Үшінші себеп – өзін өзі аямау, жек көру, жазалау», деп түсіндірді маман.
Ал, Медея комплексі дегеніміз – әйелдің күйеуінен кек алу үшін өз балаларын өлтіруге деген патологиялық ұмтылысы. Ежелгі грек мифологиясына сәйкес, Колхида ханшайымы Медея күйеуі Ясонға алтын жүнді иемденуге көмектескен. Әкесінің қаһарынан қорқып, ол Ясонмен бірге Грекияға қашып кетеді. Бірақ Ясон оны алдап, екіншісі әйел алады. Қарсыласын уландырып қана қоймай, Медея Ясоннан кек алу үшін ортақ балаларын өлтірген.
«Жедел уәкілдер күдіктіні Шымкент қаласындағы қонақ үйлердің бірінде ұстады. Адам өлтіру фактісі бойынша барлық мән-жайларды анықтау мақсатында тергеу жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті әйел қамауға алынды. Істің тергеу барысы менің жеке бақылауымда», - деп хабарлады Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр.