Жолдарын қар басқан Қарағанды облысында жауапты тұлғалар жазаға тартылып жатыр
Жыл басынан бері осындай 83 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Қарағанды облысында қар басқан жолдардың тазалығына жауапты тұлғалар әкімшілік жазаға тартылып жатыр. Олардың арасында билік өкілдері, заңды тұлғалар және «Қазавтожолдың» Қарағанды филиалының директоры да бар. Бұл туралы Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тәртіп сақшылары рейд ұйымдастырып, жолдың қараусыз қалған бөліктеріне жауаптыларды анықтап жатыр. Қардың дер кезінде тазаланбауынан көлік кептелісі болып, жол апаты жиілеген. Міндетіне салғырт қараған жауаптылардың бірқатарына ауызша ескерту берілді. Ал тазалыққа немқұрайлы қарап, сан мәрте көзге түскендеріне жүз мың теңгеге дейін айыппұл салынып жатыр. Жыл басынан бері осындай 83 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында төрт ауылдың әкімі, және жолға жауапты 77 қызметкер бар. Полицейлер әкімшілік жазадан бәлендей нәтиже болмаса да, елдің шағымына әрекет етуге міндеттіміз дейді.
«Техника жетіспейді. Қазір ауа райы тынық боп тұрғанның өзінде солай, боран соққанда тіпті үлгермей жатады. Қар басып жатқан соң, жолды жабуға мәжбүр боламыз. Бұл тұрғындарға ыңғайсыздық тудырады, әрине. Шағымданып жатады. Қыста жолдағы апаттың көбі жолдың уақтылы тазартылмауынан болады», - деді Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Құрманғали Исмағұлов.