Қостанай қаласында 9 жекеменшік балабақша жабылуы мүмкін
Ата-аналар балаларын өзге ғимаратқа көшіруге қарсы
Қостанай қаласында 9 балабақша жабылуы мүмкін. Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында жұмыс істеген бұл мекемелер бірнеше жылдан бері мектеп ғимараттарын жалға алған. Келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты балабақшалар басқа орынға көшу керек. Ал ата-аналар балаларын өзге ғимаратқа ауыстыруға түбегейлі қарсы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Балабақша 9 жыл бұрын қаладағы нөмірі он бесінші мектеп іргесінде бой көтерген. Сол тұста ғимарат «Үндестік» жекеменшік ұйымына жалға берілген көрінеді.Мектеп басшылығы келісімшарт мерзімі жайлы ескертуді үш жыл бұрын жібере бастағанын айтады. Өйткені оқушылар саны көбейген. Балабақша тұрған бөлік босаса мұнда шағын орталық пен даярлық сыныптары көшіріледі, дейді директор.
«Бүгінгі күні уақыты келсе де бұл біздің өзімізге тиесілі алаңды босатпай отыр. Неге бұл алаң керек екенін түсіндіріп өтейін. Бүгінгі күні мектепте 790 бала отыр. Мектеп 400 орынға арналған. Бала саны екі есе артып отыр», - деді мектеп директоры Жұмабике Мейрамова.
Жалға алушылар «ескертуді алғанмен талапқа сай келетін басқа ғимарат таппадық» дейді. Жекеменшік болса да, бұл маңайдағы жалғыз балабақша осы. Сондықтан оның жабылғанын қаламаймыз, дейді ата-аналар. Қыстың көзі қырауда балақайларды қаланың басқа жағына тасу қиын болатынын айтады.
«Егер балаларымыз 100 пайыз осы балабақшада қалатын болса, біз ешқандай дау туғызбаймыз.Бірақ осы жерде бүгінгі күні білім бөлімі тарапынан бізге мынадай сұқбат берді. Бізде қалада 400 орын бар екен.Бос орындар. Енді ол қаланың әр жақ бөлігінде, әр жақ ауданында», - дейді қала тұрғыны Орынгүл Әбдікерова.