Ардақ Назаров Париж олимпиадасына лицензия жоқтың қасы екенін айтты

Ол қытайдың тәжірибесін қолдануды ұсынды

Ардақ Назаров Париж олимпиадасына лицензия жоқтың қасы екенін айтты

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Мәжілістегі комитет отырысында спорт медицинасына мамандарды даярлау мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Спорт медицинасы бізде қалай дамып жатыр? Мамандары қайда және олардың деңгейлері қандай? 2008 жылы Бейжіңде Олимпиада өтті. Оған Қанат Ислам деген батырымыз қатысты. Ол сонда «біздің ішетін суымызға дейін дәрумендерден болды» дейді. Қытай 2008 жылы Бейжің олимпиадасын өткізу үшін 2000 жылы өздерінің мамандарын Америкаға жіберіп, спорт медицинасына оқытты. Олар 5-6 жыл бұрын іске кірісті. Қытайдың олимпиададағы нәтижесін білеміз. Париж олимпиадасына санаулы айлар қалды. Лицензиямыз жоқтың қасы. Өте мүшкіл жағдайда. Кешегі Азиада ойындары анандай болды. Қазір спорт медицинасына қажетті мамандарды Америкаға жіберіп оқытып алса, жақсы нәтиже болар еді», - деді Назаров.

Депутат атағандай, АҚШ-та бір спортшының қасында 10 маман жүреді.

«Біз дәл осылай мамандарды қастарына қоймай бейшара болғанымыз бейшара. Сондықтан осы мәселені дамытып қолға алу керек», - деді Ардақ Назаров.

Депутаттың бұл сұрағына Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев жауап берді.

«Қазір бізде спорт медицина мамандарын даярлау бойынша тізімге енгізілді. Асфендияров пен Астана медициналық университетінде ондай мамандарды оқытамыз. Қазіргі уақытта республикада бір ғана медицина орталығы бар. Заң аясында оған ұлттық статусын бергелі жатырмыз. Шетелде олардың біліктілігін арттыру бойынша ұсынысыңызды қарастырамыз», - деді Жарасбаев.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.