«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша қаражат аударыла бастады
Әр бала есепті кезеңде бірдей сомада төлем алады
«Ұлттық қор – балаларға» бастамасы аясында алғашқы мақсатты төлем рәсімдері басталды. Қазақстандағы 18 жасқа дейінгі әрбір баланың жеке шотына 100,52 АҚШ доллары немесе 45 050 теңге көлемінде қаражат аударылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бағдарламаның ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, еліміздің азаматы саналатын және 2006 жылдан бастап және одан кейін өмірге келген барлық балаға Ұлттық қорға соңғы он сегіз жыл ішінде түскен инвестициялық кірістің 50 пайызы мөлшерінде жыл сайынғы өсімақы төленеді.
Әр бала есепті кезеңде бірдей сомада төлем алады.
Өткен жылдардағы балаларға есептелген қаражат Ұлттық қордың инвестициялық бағдарламаларына қатысып, қосымша табыс әкелетін болады. Балалар 18 жасқа толғанға дейін бұл қаражатты пайдалана алмайды. Алайда бала кәмелетке толған жылы қаражат арнайы жинақ шотына аударылады, ал 18 жасқа толғаннан кейін жасөспірім жинақталған қаражатты тұрмыстық жағдайын жақсартуға немесе білім алуға пайдалана алады.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын 7 миллионға жуық бала пайдаланады, ал бағдарламаның қазіргі операторы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.
«Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны - 6 919 131 бала (қоса алғанда, 01.01.2006 ж. бастап 31.12.2023 ж. дейін туылған балалар). Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады (қоса алғанда, 01.01.2006 ж. бастап 31.12.2006 ж. дейін туылған балалар)», - делінген БЖЗҚ хабарламасында.
Kids.enpf.kz сайтында балалардың шотында қаражаттың бар-жоғын баланың ЖСН-ін сәйкес бөлімге енгізу арқылы тексеруге болады.
Кәмелетке толмаған баланың ата-анасы (немесе басқа да заңды өкілдері) сондай-ақ бағдарламаның шарттарымен, нұсқаулықпен танысып, өзіңізді қызықтырған сауалдарға жауап ала аласыз. Ата-аналар өз балалары бойынша есептелген қаржы туралы деректерді egov.kz порталындағы Жеке кабинетінде тексере алады.
Нысаналы жинақтарды кәмелетке толған азамат enpf.kz сайтындағы өзінің Жеке кабинетінде, БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасында немесе egov.kz порталында өз бетінше тексере алады.