Алматыда жер сілкінісінен кейін сәулетшілер құрылыс кодексін қайта қарауды ұсынды
Мегаполистегі жер сілкінісінен кейін құрылыс нысандарының беріктігіне тұрғындар да, сала мамандары да алаңдай бастады
Алматыда жер сілкінісінен кейін сәулетшілер құрылыс кодексін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
Сәулетшілер Одағы мен сәулет-қала құрылысы қоғамдастығының мүшелері мегаполистің қауіпсіздігі қыл үстінде тұр деген тұжырымға келіп, арнайы брифинг өткізді. Айтуларынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеген «Құрылыс кодексінің» жобасы шикі. Сондықтан құжатты дәл осы күйінде қабылдауға жол бермеу керек деп отыр. Сарапшылар, әсіресе тұрғын үйдің биіктігін 7 қабаттан асырмау, тектоникалық жарылымдар бар жерлерге нысанды тұрғызуда сақтық шараларына аса мән беру керек деп отыр.
«Үйлердің орналасуы қалай? Олардың кеңістігі мен ара қашықтығы қандай? Одақ кезіндегі нормативтер олар дәл айтылған. Мәселен, 4 этажды болатын мекен-жайда ықшам аудан болсын, мәселен ол жерге 5400 шаршы метр пәтерлер орналасуы керек. Қазіргі заңда басқаша. Яғни, бір жер учаскесіне жартысына салуға болады, жартысын қалдыру керек дейді. Оның биіктігі, тығызды, қанша адам болады ол айтылмаған», - дейді ҚР Сәулетшілер одағының вице-президенті Ғабит Садырбаев.
Десе де, министрлік «Құрылыс кодексінің» жобасы уақыт талабы мен саланың қажеттіліктеріне сәйкес келеді,- дейді. Сондай-ақ, жауапты министрлік, енді құрылыс компанияларының «егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы» Бас жоспарға сай жасалуы қатаң қадағаланатынын жеткізді.
«Иә, уақыт жағынан асығыстық болған шығар. Бірақ өзгерістер міндетті түрде болады. Қазір құжат Мәжілістің қарауында. Яғни кодекс қабылданғаннан кейін заңнамалық актілер қабылданады. Сол кезде көптеген түзетулер енгізілмек. Ал Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйдің мәселесі 20 жылдан бері көтеріліп келеді. Әдетте құрылыс компаниясы салып жатқан нысанға қатысты әкімдіктен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын мақұлдауын сұрайды, әрі қарай ол сараптамадан өтіп кетеді. Ал тұрғызылып қойған үйді сүру оңай шаруа емес. Енді осы айдан бастап әрбір нысанның «егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы» арнайы сараптамадан өтеді әрі Бас жоспарға сәйкестігі қатаң тексеріледі», - деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қала құрылысы және тұрғын үй коммуналдық саясаты департаментінің басқарма басшысы Ерлан Құлышев.