Жалға алу екі есе өсті: Алматыдағы базардың бірінде сатушылар шу шығарды
Саудагерлер жалға алу құнын барынша төмендету үшін базар әкімшілігінің алдына жиналды
Алматыдағы Бақорда базарынан береке кетті. Сатушылардың айтуынша, сауда орнының әкімшілігі жалға алу құнын екі есеге өсіріп жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.
Ол аздай, кей саудагерлер бір орынды 4-5 миллион теңгеге сатып алып, кейін ай сайын тағы ақша төлеп отырған көрінеді.
«2200 теңгеден квадрат метрі, 200 квадратты жалға алып отырмын. Жұмысшыларымыз бар. Айына 500 мыңға жуық төлеп келдім», – деді жалға алушы Ержан Рәпілбеков.
Саудагерлер жалға алу құнын барынша төмендету үшін базар әкімшілігінің алдына жиналды. Жауап берер бірде-бір адам төбе көрсеткен жоқ. Жауаптылардың жолын бағып, сабыры сарқылған сатушылар базардағы олқылықты жіпке тізді. Дәлізі қараңғы, едені ескірген сауда орталығының атына заты сай болмай тұр. Ең қызығы, кәсіпкерлермен жасасқан келісімшартта бағаның жыл санап өсетіні көрсетілген, бірақ нақты қанша пайызға көтерілетіні жазылмаған. Көпшіліктің күмәнін тудырып отырған да осы – құжат.
«2019 жылдан бері осы жерді жалға алып, жиһаз жасаймыз, кесеміз. Қызмет көрсетеміз. Сауда сатып жатқан жоқпыз, қызмет көрсету. Бізде шығын да көп», – деді сатушы Гүләйім Еншібайқызы.
Сағат 14:00 сауданың нағыз қызатын уақыты. Бірақ Бақорда базарындағы бутиктер бос тұр. Тауар болғанымен, тұтынушы жоқ. Ал мұны сатушылар, базар әкімшілігі келушілерді тарта алмай жатыр деп түсіндірді.
«Осы бутиктің ақысы 90 мың теңгеге жуық, ал сатып алу үшін 2 миллион теңге сұрады», – деді сатушы Меруерт Бұрбаева.
Сәлден соң саудагерлердің жанына келіп, өзін базар әкімшісімін деп таныстырған әйел кәсіпкерлердің өзін кінәлап шықты. Сауданың жүрмей тұрғанына саудагерлер жауапты деді. Бірақ бағаның неге аспандап кеткенін айтып бере алмады.
«Бұл кісілерге жылына жалға алу құны бір рет көтеріледі деп ылғи ескертем. Тұтынушы келген кезде 80 пайыз жабық тұрады. Әрине қойма сияқты көрінеді. Ал енді жалға алу құнын көтерген кезде, жылап отыр. Әрине жылайды, сауда жоқ. Жарнаманы әркім өзі жасап жатыр. Бәрі онлайн жұмыс жасайды», – деді базар әкімшісі.
Рысқұлов даңғылы бойында орналасқан ірі сауда орталығының бірнеше ірі нысандарын көруге болады. Бір ғимараты толық автобөлшектерге арналған болса, мына бөлігі құрылыс заттарына деп бөлінген. Бірақ талабын айтып, тыңдата алмаған кәсіпкерлер бұлай жалғаса берсе, бәріміз жабылып тынамыз деп отыр. Сондықтан базар басшылығымен тікелей жолығып, келісімшарт жасамақ. Ал келер айда бағаның нақты қаншаға өсері әзірге белгісіз.