Алқап – аз, су – тапшы: елімізде күріш қымбаттауы мүмкін
Агенттік шұғыл шара қолданылып, бағаның өсуін сәл тежедік деп отыр
Елімізде күріш бағасы қымбаттауы мүмкін. Бәсекелестікті қорғау агенттігі бұған егіс алқаптарының азаюы себеп деп отыр. Ал өндірістің төмендеуі су тапшылығымен байланысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
«Меншікті өндірістің төмендеуі және импорт үлесінің жылдар бойы динамикада 4-тен 12% - ға дейін ұлғайғанын байқадық. Сондай-ақ судың жетіспеушілігіне және шығындардың өсуіне байланысты егіс алқаптарының әдейі төмендеуі байқалады.Бұл ішкі баға өсімінің жоғары динамикасының басты себебі болды», - дейді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз хатшысы Нұржан Садырбай.
Агенттік шұғыл шара қолданылып, бағаның өсуін сәл тежедік деп отыр. Өзара сөз байласып күріш құнын қолдан көтергендер де жазаланыпты. Бірақ бұл аздық етуі мүмкін. Өйткені күріш бағасына тікелей әсер ететін негізгі факторлар сақталған. Атап айтсақ, өндіріс көлемінің төмендеуі, суармалы аумақта судың жетіспеушілігі, ауыл шаруашылығы техникасының ескіруі мен субсидияның уақтылы берілмеуі кері әсер еткен. Сондықтан монополияға қарсы орган ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидиялар бөлу кезінде күрішті басым дақылдар тізіміне енгізуді ұсыныпты.