СҚО-да 90-ға жуық ауылды су басу қаупі бар
Аталған ауылдарда бүгінде бес мыңнан астам адам тұрады
Солтүстік Қазақстан облысындағы 87 ауылды су басуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.
Биыл өңірде қар қалың жауды. Сондай-ақ оның құрамындағы ылғалдың мөлшері нормадан бірнеше есе көп. Әрі қатты аяздың салдарынан жердің тоңы бір метрге дейін қатып қалған. Яғни, күн күрт жылынса, еріген қар суы сіңбей, жан-жаққа жайылуы ықтимал.
«Қазгидромет» мамандары күніне екі мәрте Есіл өзініне шығып, мұздың қалындығымен ағыстың жылдамдығын өлшейді. Әрі ауылдарды аралап, қардың тығыздығын тексереді екен. Синоптиктердің айтуынша, кей жерлерде ақ ұлпа құрамындағы ылғалдың мөлшері былтырға қарағанда алты есеге көп.
«Биыл өңірде қар кеш жауды. Ал оның құрамындағы ылғалдың мөлшері шамадан тыс жоғары. Бұл -көктемде су көп болады деген сөз. Дегенмен біз наурызда нақты гидрологиялық болжам жасайтын боламыз», - дейді «Қазгидромет» МКК СҚОФ директоры Қымбат Мерғалымова.
Өңірде қараша мен желтоқсанда жаңбыр жауды. Соның салдарынан жердің беті 121 сантиметрге дейін қатып қалған. Сондықтан құтқарушылар 87 елдімекенді қатаң бақылауға алды. Олардың көбі су қоймаларының маңында орналасқан. Аталған ауылдарда бүгінде бес мыңнан астам адам тұрады.
«Ақпан айынан бастап, біз дайындық жұмыстарын күшейтетін боламыз. Жедел штаб құралады. Күн жылыған соң, өзен-көлдерде мұз жарамыз. Ұлттық ұлан сарбаздары мен полиция қызметкерлерінен 475 адамнан тұратын арнайы құрам жасақталады. Бұдан бөлек, 135 техника бүгінде дайын», – деді ТЖД бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ернар Рүстем.
Қаңтар, ақпан, наурыз айы да жауын –шашынды болады деген болжам бар. Сол себепті жергілікті атқарушы билік өкілдері қар шығару жұмыстарын күшейту керектігін ескертеді. Осы күнге дейін өңір ауылдарынан 215 мың текше метрден астам ақ ұлпа шығарылған.