Мал азығын субсидиялаудың тәртібін біржола бекітетін уақыт келді – депутат
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында ауылшарушылығын дамыту, шаруаларды қолдауға байланысты нақты бағыттар көзделген
Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов мал азығын субсидиялаудың тәртібіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады Azattyq Ruhy тілшісі.
«Асылтұқымды мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 108 бұйрығына министрліктің 2023 жылғы 18 қыркүйектегі № 332 бұйрығымен өзгерістер енгізілген. Бұйрық бойынша ауыл шаруашылығы жануарлары басының азығына жұмсалатын шығындардың құнын арзантауды субсидиялау-гидрометеорологиялық қызмет растаған, өңірде азық дайындауға теріс әсер еткен төтенше жағдай жарияланған немесе қалыптан тыс ауа райы жағдайлары басталған кезде ғана жүзеге асырылады. Бұл норма 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енеді.
«Біріншіден, мал азығын субсидиялаудың тәртібін біржола бекітетін уақыт болды. Жылдар бойы өзгертіп, үлкен қиыншылықпен азық-түлік қауіпсіздігі үшін жүзеге асқан инвестициялық жобаларды сергелдеңге салуды қою керек. Бұл тәртіп бірнеше рет ашылып, жабылып, өзгеріп, нәтижесінде табиғаты ауыр аймақтардағы асылтұқымды сауын сиыр шаруашылықтары қиналуда. Мысалы, Атырау облысының мал азығын сырттан сатып алатыны баяғыдан белгілі. Бұл туралы министрлікке жылдар бойы жазылды. Мұндай жағдай басқа аймақтарда да бар. Соған қарамастан, осыдан 10 жыл бұрын ашылған «Первомай» ЖШС қаланы сүтпен, сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді», - дейді депутат.
Оның айтуынша, шаруашылықтың кезекті хатына министрлік жоғарыдағы бұйрықты көрсетіп, вице-министр А. Бердалиннің қолымен «Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес, өтінішіңізді қарау нәтижелерімен келіспеген жағдайда, сіз оған шағымдануға құқылы екеніңізді хабарлаймыз» деп жазған.
«Бұл тамаша инвестициялық жобаны қолдау емес, керісінше, қолдаусыз қалдыру немесе жауапсыздық. Екіншіден, бұйрықты өзгертіп, жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды қолдаудың жолын қарастыру керек. Үшіншіден, субсидия тәртібін өзгерте берудің шаруа қожалықтарына үлкен қиыншылықтар тудыратын тағы да ескеру керек», - деді депутат.