Мәжіліс ойын бизнесіне қатысты жаңа нормаларды жұмысқа алды
Осыған дейін мұндай норма болмаған

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар бірқатар заң жобасын жұмысқа алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қорытынды әзірлейді.
Депутат Асхат Аймағамбетов заң жобасына қандай нормалар енгізілетінін түсіндірді.
«Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының спорт саласын дамыту бойынша берген тапсырмаларының аясында әзірленген. Заң жобасында үш бағыт бойынша нормалар қарастырылып отыр. Бірінші – туризм, екінші – ойын бизнесі. Бұл екі бағыт бойынша жаңа нормалар жоқ деуге де болады. Мұнда ұсынылып отырған нормалар дебюрократизацияға қатысты. Ал үшінші бағыт – спорт. Оны дамыту бойынша жаңа ұсыныстар енгізіліп отыр. Ең бастысы мұнда спортты қаржыландыру мәселелері бойынша бірізділікті, жүйелікті қалыптастыруға қатысты ұсыныстар бар», - деді депутат.
Мәжіліс депутаттары заң жобасы бойынша қаулыға дауыс беріп, оны жұмысқа алды.
Сондай-ақ Мәжіліс бұдан басқа да жаңа заң жобаларын жұмысқа алды.
Олардың қатарында:
- Сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер;
- Сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша заң жобасы;
- Дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заң жобасы;
- ҚР аумақтық қорғанысы туралы заң жобасы мен ілеспе түзетулер;
- 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шарттың Одаққа мүше мемлекеттер өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асырған кезде қаржылай жәрдем көрсету бөлігіне өзгерістер енгізу туралы ратификациялық хаттама;
- Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы;
- Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы;
- 2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы Ресей мұнайын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге түзету енгізу туралы ратификациялық хаттама бар.