$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Балаева биыл қандай археологиялық жұмыстар аяқталғанын айтты

238 мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілген

Балаева биыл қандай археологиялық жұмыстар аяқталғанын айтты
Фото: freepik.com

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдениет саласындағы көрсеткіштер туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қазіргі уақытта министрлік креативті индустрияны дамытумен айналысып жатыр. Жұмыс екі бағытта жүргізілуде. Біріншісі – ұйымдастырушылық бағыт. Креативті индустрия секторын дамытудың институционалдық негізі қалыптасты. Министрліктің құрылымында мамандандырылған департамент құрылды. Қазір біз тиісті инфрақұрылымды: аймақтардағы креативті индустрия орталықтары мен хабтарын, сондай-ақ таланттарды іздеу және қолдау, инфрақұрылымды дамыту, өнімдерді экспорттауға және коммерцияландыруға жәрдемдесуді мақсат тұтатын «Креатив хаб» халықаралық креативті индустрия орталығын құру бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деді Балаева.

Министр атағандай, екіншісі – заңнамалық бағыт.

«Креативті индустрияны қолдау және дамыту туралы заң жобасы әзірленді. Ол зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы өзгертуді, мүмкіндігінше креативті индустриялар қауымдастығын қалыптастыру үшін мәдениет объектілерінде қосымша алаңдар ұсынуды, оқытудың білім беру бағдарламаларын ұлғайтуды, креативті индустриялар өкілдеріне салықтық преференциялар беруді көздейді. Бұл осы саланың дамуына қуатты серпін береді деген ойдамыз. Аталған заң жобасы Үкіметтің қарауында және Қаңтар айында Мәжіліске түседі», - деп хабарлады министр.

Оның айтуынша, министрлік жұмысының келесі бір үлкен бағыты – мәдениет саласы.

«Тек осы жылы республикалық концерттік ұйымдар бес жүзден аса концерт өткізіп, 515 мыңға жуық көрерменге қызмет көрсетсе, республикалық театрлар екі мыңнан аса спектакль, 65 жаңа қойылым қойып, 1 миллионнан астам көрерменге өнерін паш етті. Ұлттық мәдениетті насихаттау мақсатында Мысыр, Өзбекстан және Әзербайжан елдерінде Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Ұлттық құндылықтарымыз бен мәдениетімізді жаһанға таныту үшін Италия, Франция, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Мысыр, Германия, Вьетнам, Корея, Түркия, АҚШ, сияқты алып елдерде шығармашылық топтардың гастрольдері сәтті өтті. Театрлардың шығармашылық ұжымдары 27 халықаралық және 11 республикалық фестивальдерге қатысты», - деді Балаева.

Министрдің айтуынша, мәдениет саласын инфрақұрылымдық дамыту бойынша шаралар қабылдануда.

«Биыл Қазақстан бойынша 35 мәдениет нысанының құрылысы аяқталып, 238 мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазақстанның тарихи мұрасын одан әрі зерделеу және дамыту мақсатында 8 жоба бойынша археологиялық жұмыстар аяқталды. Оның ішінде Берел сияқты бірегей археологиялық нысандарды, Алтын Орда дәуіріндегі Бытығай, Ботай, Бозоқ көне қоныстар зерттелді. Мемлекеттің қолдауымен 2022 жылы басталған 18 фильмнің түсірілімі аяқталды», - деді ол.

 

Серіктес жаңалықтары