Бірнеше өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы төмендетілді – ҚМА
Бағалар шамамен 15%-ға арзандады

Еліміздің бес өңірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендетілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, Қостанайда жеткізу тізбегінен делдалды алып тастау есебінен қарақұмық бағасы 25%-ға (340 теңгеден 260 теңгеге дейін) төмендетілді.
«Солтүстік Қазақстан облысында дәл осындай алгоритм бойынша супермаркеттер желісіндегі қарақұмық бағасы 40%-ға арзандатылды. (3 кг қаптамасы үшін 2374 теңгеден 1450 теңгеге дейін).
ШҚО-да ҚМА аумақтық департаментінің бастамасымен білім беру мекемелерінде алдағы жылға қарақұмық пен қантты сатып алу бағасы қайта қаралды.
Орташа алғанда, өнімдердің құны 30%-ға төмендеді (қарақұмық 35%-ға, 625-тен 420 теңгеге; қантқа 20%-ға, 536-дан 435 теңгеге)», - делінген ҚМА Хабарламасында.
Сондай-ақ Ақмола және Қызылорда облыстарында қант пен ұнға сауда үстемесін бірнеше рет асырғаны үшін екі көтерме жеткізуші жауапқа тартылды.
Нәтижесінде бағалар шамамен 15%-ға төмендеді.