$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.04.2020, 18:21
Қоғам

«Кедергі келтірмеңдер, мама «жұмыста»: 1414 операторлары үйден қоңырауға қалай жауап беріп жатыр

1414 желісі операторлары қоңырауларға үйде отырып жауап береді

«Кедергі келтірмеңдер, мама «жұмыста»: 1414 операторлары үйден қоңырауға қалай жауап беріп жатыр

Елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты еліміздегі Халыққа қызмет көрсету орталықтары да қашықтан жұмыс істеуге көшті. Корпорацияның басқарушы директоры Мұрат Жұманбай Facebook парақшасында колл-орталық пен eGov қызметкерлерінің қауырт жұмысты үйде қалай атқарып жатқаны туралы суреттермен және видеолармен бөлісті. eGov порталы қызметкерлерінің жұмысы әсіресе, 42 500 теңге жәрдемақы туралы Қаулыдан кейін күрт көбейді.  

Мысалы, Орал қаласының ХҚО-ларының бірінде 2014 жылдан бері істейтін Зарема Зайруллина қазір үйде 1414 колл-орталығының кеңесшісі болып отыр. Екі баласы бар. Олар үшін жұмыс уақытында кедергі жасамасын деп арнайы ескерту тақтасын іліп қойған.

Өскемендік оператор Ләззат Ахметалинованың 5 баласы бар. Қызмет барысында балаларына кітап оқытып қояды.

Алматы қаласы Алатау ауданы ХҚО-сының қызметкері Құралай Өмірова азаматтардан күн сайын 300-ге жуық қоңырау қабылдайтынын айтады.

«Арасында үйде отырған екі балама да көңіл бөлемін. Бәрі уақытша қиындықтар. Қазақстан халқы бұл қиындықты да еңсеретініне сенемін. Ең бастысы – бірлігіміз жоғалмасын, - дейді ол.

Ал мына видеода Атыраудағы №1 қалалық бөлімнің супервайзері Қарлыға Ержанова ас дайындап жүріп, қоңырауларға жауап беріп жатыр.

«1414 кеңесшісі болсаң да, келін, жар және ана ретіндегі міндеттерден ешкім босатпайды екен. Ата-енесіне қызмет көрсетіп, күйеуінің көңілін тауып, 3 баласын бағып, оған қоса, онлайн қызмет бойынша кеңес беріп жүрген әріптесіміз», - деп жазды корпорацияның басқарушы директоры Мұрат Жұманбай.

Төмендегі суреттерден Шымкент қаласы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары үйден қалай жұмыс істеп жатқанын көруге болады.

Қазір «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының колл-орталықтары күшейтілген режимге көшіп, 2366 маман жұмыс істеп жатыр. Оның 607-і үйден ұялы телефон арқылы қоңырауларға жауап беріп, 769-ы видеобайланысқа шығады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

 

Серіктес жаңалықтары