$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.04.2020, 18:47
Қоғам

Мұғалімдер мен ата-аналардан ешқандай есеп алмаймыз - Асхат Аймағамбетов

Бүгіннен бастап елімізде қашықтан оқу басталды

Мұғалімдер мен ата-аналардан ешқандай есеп алмаймыз - Асхат Аймағамбетов

Білім және ғалымы министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқу кезінде білім бөлімдері мен мектептерден ешқандай есеп талап етілмейтінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Министрдің айтуынша, бұған дейін еліміздің кей аймақтарында ұстаздардан есеп талап етілген. БАҚ пен әлеуметтік желідегі сыни пікірлерді жіті қадағалап отырмыз деген Аймағамбетов өткізілген сабақтар бойынша есеп алынбайтынын ерекше атап өтті.

«Білім бөлімдерінен, мектептер мен мұғалімдерден ешқандай есеп керек емес. Кейбір жерлерде ұстаздардан, енді бір жерлерде ата-аналардан есеп сұрап жатқанын естідік. Тағы қайталап айтамын, ешқандай есеп керек емес. Мектеп басшылары, әрбір мұғалім қандай жұмыс атқару керек екенін біледі. Тексеріс те жүргізілмейді. Еліміз бойынша ұстаздардың қадірі қатты білініп жатыр деп ойлаймын. Біраз уақыттан кейін біз дәстүрлі режимге көшетін боламыз, бізге сеніңіздер!»,- деді ол брифинг барысында.

Атап өтетіні, оқушылар «Bilimland», «Дарын онлайн», «Күнделік.кз» платформасы мен «Балапан» және «Еларна» телеарналары арқылы сабақтарын бастаған. 

«Елімізде жалпы саны 3,2 миллион оқушы қашықтан оқуды бастады. Шалғайдағы оқушылар теледидар арқылы оқуларын бастап отыр. Интернет жүйесі бойынша, бірнеше интернет платформасы арқылы жұмыс жүргізіп отырмыз. Интернет арқылы қашықтан оқуға  көшкен оқушы саны - 2,4 миллион оқушы. Бүгінгі көрсеткіш бойынша 2,2 миллион оқушы «Күнделік.кз» сайтына кіріп, өз жұмыстарын жүргізген. Жалпы, біздің онлайн оқу жүйесінде осы уақытқа дейін ешқашан болмаған 32 миллион сессия өтті», - деді Білім министрі.

Министр қашықтан оқу барысында техникалық ақаулардың орын алып жатқанын айтып, ұстаздар мен ата-аналарды шыдамдылық танытуға шақырды. Сондай-ақ, баланың сабақ оқып отырғаны туралы видеожазба талап етілмейтінін ескертті.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары