Алматыда азық-түлік бағасын қымбаттатқан саудагерлерге 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады
Базардағы бағаны әкімдік мамандары қадағалайды
Аудан әкімдіктерінің өкілдері сауда орындарындағы бағаны өздері бақылап, негізсіз қымбатшылыққа қарсы шараны да өздері жүзеге асырады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. Әлеуметтік маңызды азық-түліктің тізіміне 19 түрлі өнім кіреді.
Кәсіпкерлерге арнайы баға бекітілген. Мәселен, күріштің бір келісі 310 теңгеден аспауы керек. Бірінші сұрыптағы бидай ұны – 211 теңге, қарақұмық жармасы – 339 теңге, нан – 80 теңге, вермишель – 209 теңге, сиыр еті – 2169 теңге, он жұмыртқаның құны 367 теңге деп бекітілген. Күнбағыс майы 434 теңге болса, тұз – 59 теңге.
«Супермаркеттерде де, дүкен немесе базарларда да бағаның көтерілуіне жол берілмейді. Бағаны бақылауды аудандық әкімдіктер жүзеге асырады. Онда арнайы комиссиялар құрылған. Құрамына Кәсіпкерлік басқармасы, Мемлекетттік кірістер департаментінің мамандары, заңгерлер кіреді. Сонымен қатар, әкімдік өкілдері, прокуратура және жергілікті полиция қызметінен құралған мобильді топтар да құрылды. Кеше ғана барлық ірі сауда нысандарына әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын көтермеу, талапты бұзудың жауапкершілігі туралы ескертілді», - деді Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.
Алматы қаласында 130-дан астам супермаркет мен гипермаркет бар. Сондай-ақ, 5 мыңнан астам дүкен жұмыс істеп тұр. Қала тұрғындары ай сайын шамамен, 350 тонна азық-түлік тұтынады. Оразалиннің сөзінше, Алматыда бүгінгі таңда қарақұмықтың ғана тапшылығы байқалған.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы