Құрылысқа 279 млн теңге бөлінген: БҚО-дағы ауылда су құбырының орны шұңқырға айналды

Azattyq Rýhy

Жалпы өңірде 160 ауылда сапалы ауыз су жоқ

Құрылысқа 279 млн теңге бөлінген: БҚО-дағы ауылда су құбырының орны шұңқырға айналды
Фото: kostanaytany.kz

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында оқушылар шұңқырға айналған су құбырының орнына түсіп кетіп жатыр. Жыра болған сайдан жаяу түгілі, көлік те өте алмайды. Ауылға ауыз су тартамыз деп уәде берілгенімен, әлі күнге не мұнара, не сорғы стансасы салынбаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

Талпын ауылында су құбыры адам тұрмайтын ескі үйлерге де тартылған. Бірақ екі жылдан бері ауылға ауыз су әлі кірген жоқ. Ал құбырдың орны ой-шұңқыр болып, айнала қазылып тасталған.

Былтырдан бері салынған су желісінің беткі қабаты тегістелмей, топырағы түсіп кеткен. Тіпті сабақтан келе жатқан бірнеше бала абайсызда орға құлап, жазым бола жаздады.

Ауылда 400-ге жуық адам тұрады. Ауыз су беріледі дегелі алты жылдан асты. Жоба ертерек жасалғанымен, жұмыс тоқтап тұр. Құрылысқа ел қазынасынан 279 млн теңге бөлінген.

Теректі ауданының Подстепный, Абай, Магистральный ауылдарында да тап осы күй. Бәрінде тендерді бір компания - павлодарлық мердігер жеңіп алған. Бірақ жұмысы мардымсыз. Жалпы өңірде 160 ауылда сапалы ауыз су жоқ. Бірі тасып, енді бірі сатып алып ішеді.

 «Облыста 416 ауылдық елдімекеннің 256-сы ауызсумен қамтылған. Теректі ауданы Абай, Талпын, Магистральное нысандары бойынша мердігер «КазЕвроСтрой» мекемесінің құрылыс жұмыстары кестеден кешігуде. Сол себепті тапсырыс беруші сотқа талап арыз берді. Дегенмен, келісімшарт жыл соңына дейін болғандықтан, соттан жеңіліп қалды», - деді БҚО құрылыс басқармасының бөлім басшысы Сырым Аманжолов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.