Атыраудағы апат: су беру кезең-кезеңімен жүргізіледі

Azattyq Rýhy

Су құбырындағы ақауларды жою жұмысы жалғасып жатыр

Атыраудағы апат: су беру кезең-кезеңімен жүргізіледі
Фото: instagram.com/atyrau_oblysynyn_akimdigi

9 желтоқсан күні сағат 23:30-да (жергілікті уақыт бойынша) «Атырау облысы су арнасы» КМК Жайық өзенінде қабыршақ мұз пайда болып, өзеннің қозғалыс жылдамдығы төмендеуіне байланысты Атырау қаласының су тазарту қондырғысына су беруді тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

10 желтоқсан күні таңғы сағат 04:30-да төтенше жағдайларды болдырмау үшін төмен қысымда қала желілеріне су берілді.

«Атырау-Мақат» магистральдық құбыры бағытында, оның ішінде «Береке» ықшамауданында (тоғыз қабатты үйлер), Көктем, Жұлдыз-3, Теңдік, Ақсай-1, Ақсай-2 ықшамаудандарына техникалық себептерге байланысты су жіберілмеді.

«Атырау облысы су арнасы» мекемесіне қарасты су тазарту қондырғысының сорғы стансаларында мұз кептелісін жою және құбырларды тазалау мақсатында облыстық төтенше жағдайлар қызметінің күштері жұмылдырылды. Алайда, төтенше жағдай ережесіне сәйкес, түнгі уақытта тазалау және басқа да жұмыстар жүргізілмейді. Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері таңғы сағат 8:00-де тазалау жұмыстарын бастады.

Су құбырындағы ақауларды жою жұмысы жалғасып жатыр. 

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен осы деректің мән-жайын анықтайтын арнайы комиссия құрылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.