Павлодарда абайсызда көршісін өлтірген тұрғын сотталды

Azattyq Rýhy

Ол бір жарым жыл бас бостандығынан айырылды

Павлодарда абайсызда көршісін өлтірген тұрғын сотталды
Фото: freepik.com

Зардап шеккен адам алған жарақатынан бірнеше күннен кейін көз жұмған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Іс №2 қалалық сотта қаралды. 2023 жылдың шілдесінде сотталушыға көрші әйел келіп, бірге тұрып жатқан ер адамы оны ұрып-соғып, үйіне кіргізбей жатқанын айтқан және полиция шақыруды өтінген. Бұдан әрі әйел адам полиция шақырып, сол үйде қалған. Сотталушы далаға шыққан кезде подъездің жанында мас күйінде болған көршісін кездестіріп, әйеліне беру үшін кілтті сұрайды. Оның есін жинату үшін сол қолымен бетінен тартып жіберіп, үйге қарай демеп бара жатқан. Дегенмен бірнеше қадамнан кейін оны ұстай алмай қалып, көршісі асфальтқа құлаған. 

«Әрі қарай үйден бөтелкемен су алып шығып, су шашқаннан кейін көршісі есін жинаған. Алайда сол күні көршісі ауруханаға жатқызылып, үш күннен кейін   ауруханада қайтыс болған», – деп жазылған Павлодар қаласының №2 сотының үкімінде.

Іс Қылмыстық кодекстің 104-бабы «абайсыздағы өлім» бойынша қаралды. Марқұмның әпкесі бас бостандығынан айыруды талап етпеді. Сот үкімімен павлодарлық бір жарым жыл бас бостандығынан айырылып, туыстарына 2 миллион теңге төлеу міндеттелді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.