Оқу-ағарту министрі мұғалім мен директорларға ретсіз шара қабылдауды доғару керектігін ескертті
Ол болған оқиғаларға ата-ананың және оқиғаға қатысы бар өзге адамдардың да жауапкершілігі қарастырылуы керек екенін атап өтті

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Павлодар облысында мектеп оқушысының жүкті болып қалып, артынша осы оқиғаға байланысты бірнеше адамның сөгіс алуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр өңірлік білім басқармалары басшыларына мұғалімдер мен мектеп директорларына қатысты ретсіз шара қабылдауды доғару керек екенін ескертті.
«Бүгін маған ақпарат келіп түсті. Павлодар облысы Шарбақты ауданында болған оқиғаға байланысты мектеп басшысы мен мұғалімге сөгіс жарияланыпты. Жалпы бір нәрсені түсіну керек. Барлық мәселеде ұстаздар мен мектеп басшыларын түгел жазалай берудің орны, реті болады, заң шеңбері болады. Кез келген мәселеде мұғалім мен мектеп басшылығына сөгіс беру немесе оларға белгілі бір шара қолдануда ойлану қажет», - деді министр.
Ғани Бейсембаев отбасында болған немесе мектептен тыс жерде болған оқиғаларға ата-ананың және оқиғаға қатысы бар өзге адамдардың да жауапкершілігі қарастырылуы керек екенін атап өтті.
«Мұғалім мен директордың кінәсі толыққанды анықталмай, ондай шараларға бара беру біздің ұстаздарымыздың еңбегін жеткілікті бағаламау болып есептеледі», - деді Бейсембаев.