«Соғыста мұнша адам қырылмайды»: депутат зауыттардағы қайғылы оқиғалар жайлы айтты
Ерлан Саиров заңға дұрыс өзгерістер енгізу керек екенін мәлімдеді
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды жетілдіру бойынша көшпелі отырыста еңбек қауіпсіздігі мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Біз еңбек қарым-қатынасы бойынша заңды қиындатып жібердік. Қазір бірде-бір мемлекеттік орган ештеңе істей алмай отыр. Мысалы, «АрселорМитталТеміртау» АҚ-да тергеу жүргізіліп жатыр. Ертең оған кім жауапты болады? Әрине, бір «сварщикті» тауып алады. Мен оған 100 пайыз сенімдімін. Себебі заң бойынша олар қарсы шыға алмайды. Зауыттағы әрбір жарақат үшін зауыттың иесі жауап беруі керек дегенді заңға енгізуіміз керек. Оны мойындауымыз керек. Неге біз бұл жерде керемет баяндамаларды тыңдап отыруымыз керек? Ана жақта, зауыттарда балаларымыз мен аға-бауырларымыз қаза тауып жатыр. Сондықтан біз шынайы болуымыз керек. Заң келгенде біз өзіміздің дұрыс ұсынысымызды береміз», - деді Саиров.
Депутат Германияның тәжірибесін мысалға алды.
«Оларда 150 жыл бұрын сондай тәртіп енгізілген. Біз қазір XXІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Біз заңға ондай талаптарды енгізбегенше, ештеңе өзгермейді. Бізде жыл сайын 2500 адам қаза табады. Соғыста сонша адам қырылмайды», - деді ол.
Депутат мұндай отырыстарды жылы кабинеттерде емес, өндіріс ошақтарында өткізуді ұсынды.
«Теміртау жанымызда тұр. Ертең 40 градус аяз болғанда бірінші проблема туындайды. Сол жаққа барып жиын өткізейік. Біздің балаларымыз қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанын көреміз. Бұл апокалипсистен де жаман», - деді Саиров.