Көкшетауда пара алғаны үшін сотталған адам үй кезегінде тұрған
Ақмола облысында тұрғын үй кезегіне қатысты заңбұзушылықтар анықталды

Ақмола облысының прокуратурасы жергілікті әкімдіктер қызметіндегі тұрғын үй заңнамасының сақталуына тексеріс жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша тұрғын үй алуға кезекте 23 мыңнан астам адам тұр. Бұл ретте әкімдіктер соңғы үш жылда 900-ге жуық пәтер бөлді.
«Тексеріс барысында тұрғын үйді заңсыз берудің, сондай-ақ тұрғын үй беру негізі жойылған адамдарды тізімнен шығармаудың 23 фактісі анықталды. Мысалы, Көкшетау қаласында тұрғын үй бюджеттік ұйымның бұрынғы қызметкеріне ұсынылған, ол бұған дейін 2 жыл бұрын пара алғаны үшін сотталған және үй берілген кезде бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жүрген», - делінген прокуратура хабарламасында.
Сондай-ақ тұрғын үйді заңсыз жекешелендірудің 2 фактісі анықталды.
Мәселен, аудан орталықтарының бірінде азамат жекешелендіруден жарты жыл бұрын басқа аймақта орналасқан басқа пәтерді сатқан. Қадағалау актісі бойынша жекешелендірілген пәтер мемлекетке қайтарылды.
«Сондай-ақ коммуналдық тұрғын үйді заңсыз жалға беру, бюджетке 50 млн теңгеге жалдау төлемдерін төлемеу, табыстарын алдын ала тексермей, аз қамтылған азаматтарға тұрғын үй беру фактілері анықталды», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта заңсыз берілген пәтерлерді қайтаруға бағытталған шаралар қабылданды, олар тұрғын үйге нақты мұқтаж адамдар арасында қайта бөлінеді.