Жиналған өнімнің сапасы төмен: Қостанайлық диқандар астығын өткізе алмай отыр
Шаруаларға мемлекеттен көмек сұраудан басқа амал жоқ
Қостанайлық диқандар астық өткізе алмай отыр. Жаңбырлы күзде жиналған өнімнің сапасы төмен. Мысалы, Фёдоров ауданында бидайдың 20 проценті үшінші класқа жатқызылса, қалғаны сапасыз деп танылды. Одан қалды орақ науқаны толық аяқталмай, өнімнің бір бөлігі далада қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Биыл Фёдоров ауданында 400 мың гектар жерге бидай егілді. Көктемгі дала жұмыстары еш кідіріссіз өтті. Астық сапа жағынан кем түспейді деген түрлі болжамдар айтылған. Бірақ табиғат тосын мінез танытып, гектар өнімділігі 13,5 центнерге төмендеп кетті. Себебі тамыз, қыркүйек және қазан айларында ылғал мол түсті. Мамандардың айтуынша оның көлемі 310 милиметрге жеткен. Бұл нормадан үш есе артық.
«Элеваторлар астыққа толы болды. Бидайды қабылдауға үлгере алмай жатты. Себебі ылғалдылық деңгейі 20% болған. Ал кептіру техникасы бар шаруашылықтарға оңай болды. Яғни, астыққа қажет техниканы жыл сайын жаңартып, тыңғылықты дайындау керек. Соның ішінде астық құрғату агрегаттарына мән беру керек», - деді Фёдоров аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Әділбек Оразбаев.
Шаруаларға мемлекеттен көмек сұраудан басқа амал жоқ. Осы уақытқа дейін несие төлеу мерзімі шегерілген. Десе де, бұл мәселені шеше қоймас, дейді олар. Ал салалық министрлік өкілдері фермерлер көмексіз қалмайды деп отыр.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі жағынан 350 мың тонна классыз бидай сатып аламыз деген болжам болған. Бірақ ол әлі нақты алынып жатқан жоқ. Бірақ облыс басшылары ауыл шаруашылығы министрлігіне бұл көлемді 2 млн дейін ұлғайтуға сұраным берілген және Үкімет үшінші классты бидайды 120 мың теңгеден сатып алуға төртінші классты бидайды 105 мың теңгеден, бесінші классты 90 мың теңгеден, классыз бидайды 70 мың теңгеден сатып аламыз деп жариялаған», - деді ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Кенжеғозы Жұмандықов.
Қазір Қостанай облысында 2 млн тоннадан астам сапасыз бидай жиналды. Айта кетейік, Фёдоров ауданында күзгі жиын-терім ресми түрде аяқталмады. 50 мың гектар аумаққа орақ түскен жоқ.