Атырауда университет деканы 6 жыл бойы заңсыз жалақы алып келген
Оны Антикор мен оқу ордасының ішкі аудиті анықтаған

Облыс орталығындағы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Экономика және құқық» факультетінің деканына жалақы заңсыз төленіп келген. Бұл туралы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Facebook парақшасында жазылған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy AtyrauPress-ке сілтеме жасап.
«Әділдік жолы» РҚБ Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Атырау облысы бойынша департаменті Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің экономика және құқық факультетінің деканына жалақыны заңсыз аудару фактісін анықтады.
«2017 жылдан бастап 2023 жылдың қыркүйегіне дейін декан жұмыс күндері Оңтүстік Корея, Түркия және тағы басқа шетелдерге бірнеше рет сапарға шыққан. Алайда табельде жұмыс күндері көрсетіліп, 1 млн теңгеге жуық төлем жасалған.Осы алты жылдың 80 жұмыс күнінде іс жүзінде жұмыс орнында болмаса да, жалақы төленген», - деп жазылған парақшада.
Қызметтік тексеру кезінде осыған жол берген Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал декан қызметінен босатылып, еңбек шарты бұзылды.
Сондай-ақ, декан 1 млн теңгеге жуық ақшаны университетке қайтарды.
Университеттің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«Бұрынғы декан ісі бойынша тексеру қорытындысында аталған қызметкерге «оның іс сапарға жоспарланған мерзімнен ерте кеткен немесе кеш келген, сонымен қатар отбасылық және денсаулық жағдайларына байланысты кейбір уақыттарда жұмыстан сұранған күндерінде де табельде есептеліп ақы төленгені» анықталды. Сондықтан, оның қызмет еткен мерзімде жұмыста болмаған күндеріне төленгенжалақы толықтай университетке қайтарылды. Сонымен қатар, университет қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін 2023 жылғы 20 қазанда декан лауазымынан босатты, ал 1 қарашадан бастап жұмыстан шығарды», - делінген хабарламада.
Олар хабарлағандай, университет бұл істегі заңсыздықты Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Атырау облысы бойынша департаменті мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ішкі аудит қызметі бірлесе тексеріс жүргізу нәтижесінде анықтады.
«Қорытындысы бойынша қызметіне салғырттық танытып, заңсыздыққа жол бергені үшін лауазымды қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қызметтен шеттетілді», - деп түсіндірілді.
Сонымен қатар, баспасөз қызметі университеттің барлық құрылымдық бөлім басшыларына еңбек тәртібі талаптары және жауапкершіліктері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін мәлім етті.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ