Францияда коронавирус кесірінен 6 мыңнан астам тұтқын түрмеден шығарылды
Елде коронавирус 48 түрмеде және 114 түрме қызметкерлерінен анықталған

Француз түрмелерінен денсаулығы нашар адамдар мерзімінен бұрын босатылады. Бұған дейін ондаған түрмеде және түрме қызметкерлерінен коронавирус анықталған болатын. Бұл туралы dw.com хабарлайды.
«Францияда коронавируске байланысты 6266 тұтқын босатылды. 1 сәуірдегі жағдай бойынша Францияның 188 түрмелерінде 66309 адам ұсталды, екі аптадан кейін олардың саны шамамен 10 пайызға азайды», - делінген хабарламада.
Бұған дейін Әділет министрлігі денсаулығы нашар адамдарды мерзімінен бұрын босату жөнінде науқан ұйымдастырған болатын.
«Түрмедегілердің саны да азайып жатыр, өйткені эпидемия жағдайында сот аппараты баяулайды, түрмелерге адамдар аз түседі»,- дейді дереккөз.
Бұрын хабарланғандай, коронавирус 48 түрмеде және 114 түрме қызметкерлерінен анықталған. Құқық қорғаушылар жаза мерзімі алты айдан аз қалған тұтқындарды босатуға шақырады.