Жыл сайын 300-ден астам қазақстандық донор тапшылығынан қайтыс болады

Донорлыққа мұқтаж адамдардың саны өсіп жатыр

Жыл сайын 300-ден астам қазақстандық донор тапшылығынан қайтыс болады
Фото: freepik.com

«Трансплантология» термині халыққа таңсық емес. Жұрт жақсы біледі. Бірақ мәйіттік донор туралы түсінік әлі қалыптасып үлгермеген. Соның салдарынан 10 жылдан бері қажетті ағзаға қол жеткізе алмай жүргендер бар. Биыл 5 айдың өзінде күту парағында тұрған 111 адам донор жетіспеушілігінен қайтыс болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап.

 «Қазіргі таңда ең негізгі проблемалардың бірі ол донор тапшылығы. Трансплантацияға жетпей жыл сайын 300 ден аса пациент көз жұмып жатыр», - деді Ұлттық ғылыми онкология орталығы ағза транспланттау секторының жетекшісі Мэлс Асықбаев.

«Донорлыққа мұқтаж адамдардың саны өсіп жатыр. Былтыр, мысалы 3000-ға жуық болса, қазір 4000 адам мұқтаж», - дейді ҚР ДСМ «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру» орталығының директоры Сәуле Талғатқызы.

Дәл осы күту парағында кезекте тұрған 3916 науқастың 110-ы бала. Оларға жүрек, бауыр, өкпе және бүйрек керек.

Қазақстанда ең алғашқы мәйіттік донор 2012 жылы трансплантацияланды. Содан бері тек, 110 адам ғана өмірден өткесін донор болуға келісім берген.

«Қазіргі таңда Қазақстанда трансплантацияның барлығы тірі донордан алынады. Статистикаға жүгінетін болсақ 95 пайызы тірі донордан туыстық трансплантация жасалады. Мәйттік трансплантация, өкінішке қарай, бізде дамымай жатыр», - дейді Мэлс Асықбаев.

«Осы жылы 60-қа жуық донор анықталды, бірақ 5 жағдайда ғана адамдар донорлыққа келісім берді», - Сәуле Талғатқызы.

5 баланың әкесі Нұрлан Үтебаев 3 жылдан бері жасанды жүрекпен өмір сүреді. Мәйіттік донор табылды. Бірақ...

«Алдында екі донор болды, хабарлама келді. Бірақ, екеуі де маған келген жоқ», - дейді науқас Нұрлан Үтебаев.

Мамандар донор табылған күннің өзінде оны кез-келген адамға салуға болмайтынын айтады. Реципиентпен генетикалық байланысы, тіндік және қан тобы бойынша сәйкес келетін пациент таңдалады. Яғни, күту парағындағы кезек бір сәтте өзгеруі мүмкін.

«Барлығы донор бола алмайды. 100 адамның ішінен 30-ның денсаулығы жарайды. Денсаулығына байланысты шешілетін нәрсе бұл. Тіпті, мына мәйіттердің өзінде тек қана 30 пайызы донор бола алады», - деді Медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев.

Қазіргі заңнама бойынша науқас донор болуға келісім берген күннің өзінде туыстарынан рұқсат сұрау міндеттелген. Өкініштісі де сол, 90 пайыз жағдайда марқұмның жақындары оның шешімімен келіспей, бас тартады.

«Туысқандарына айтамыз, ол кісі тірі кезінде келісім қалдырған екен деп. Ол кезде қайтыс болған адамның пікірі бірінші маңызды болып саналады. Егер туысқандары келісім бермесе алынбайды», - дейді ҚР ДСМ «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру» орталығының директоры Сәуле Талғатқызы.

Осы келеңсіздікті болдырмас үшін ДСМ ағза алуға рұқсат сұрау тәртібін өзгертуді ұсынып отыр. Егер марқұм көзі тірісінде үзілді-кесілді қарсы болмаған жағдайда келісті деп саналып, қайтыс болған соң ішкі органдары автоматты түрде алынуы мүмкін.

Мәселен, Ұлыбританияда міндетті ағза донорлығы туралы заң қабылданған. Нәтижесінде, жыл сайын мыңдаған адамды ажалдан арашалап отыр. Жалпы, Еуропада донор атанып, өзгелердің өмірін сақтап қалған адамдар туралы деректі фильм түсіреледі. Яғни, ақпараттық және ағартушылық жұмыстар жақсы жолға қойылған.

Сала мамандары, «егер, науқасқа қажетті орган тек мәйіттен алынса, сау адамға донор болу қажеттілігі туындамайды. Тіпті, қара нарықта ағзасын саудалайтындар мен алыпсатарлар азаяр еді»,дейді. Сол үшін 2020 жылдан бастап «eGov.kz» порталы арқылы алдын-ала донорлыққа келісім қалдыру мүмкіндігі берілген. Бірақ 3 жыл ішінде 20 млн халықтың тек 35 мыңы ғана сайтқа кіріп, төрт мың адам ғана келісім берген.

Елімізде ағза трансплантациясы толықтай ақысыз негізде жасалады. Сонымен қатар операциядан кейінгі емге қажетті дәрі-дәрмектің бәрі тегін беріледі. Заманауи медициналық құрал-жабдықпен қамтылған Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларындағы 7 трансплантация орталығы жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе, ұйқы безі және көздің мөлдір қабаты трансплантациясын жасай алдады. Ендігі қалғаны, халықтың мәйіттік донорға деген көзқарасының бір арнаға түсуі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.